Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 402.37
EUR 449.81
RUB 5.86
CNY 56.67

Президент коронавирусты анықтайтын тест жүйесін әзірлеген қазақстандық ғалымдарды құттықтады

2020 жылдың 6 сәуір 2020 10:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығының ұжымдарына құттықтау хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ғылыми институттардың ұжымдарын COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтаймын! Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін», - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ғылыми орталықтың ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тілеп, алғыс білдірді.


Жоғары қарай