Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Полицейлер Петропавл тұрғындарының сұрақтарына онлайнда жауап берді

2020 жылдың 10 сәуір 2020 07:14

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер карантиннің енгізілуіне байланысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға онлайнда жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тұрғындармен әлеуметтік желі аккаунттарында тікелей эфирге шықты. Мақсат – елдегі төтенше жағдайға байланысты Петропавлда енгізілген шектеу және карантин шараларын түсіндіру. Желі қолданушыларының сұрақтарына Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов пен ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах жауап берді.

Тікелей эфир бір сағатқа созылды. Осы аралықта полицияға үйден шығу және қала ішіндегі жүру ережелеріне қатысты 100-ге жуық сұрақ түсті.

Петропавлдықтар бөлек тұратын қарт ата-аналарына тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізуде қиындық көруде. Александр Розбахтың айтуынша, қолдарында растайтын құжаттары, сондай-ақ егде жастағы туыстарының құжаттарының көшірмелері болған жағдайда бұл азаматтарға әкімшілік шара қолданылмайды.

«Өзінің ісін жүзеге асыру аясында, сонымен қатар жұмысқа баратын адамдар үшін жүру бағытын растайтын құжаттары болуы керек. Бұл құжаттардың үлгілері Петропавл қаласы әкімдігінің сайтында орналастырылған. Жұмысқа өз көлігімен баратын басқа да жүргізушілерде жұмыс орнынан анықтама болуы тиіс. Айта кету керек, егер анықтамада көрсетілген ұйым СҚО-ның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес төтенше жағдай кезінде өз қызметін жүзеге асыруға құқылы болса, онда оның анықтамасының күші бар болып есептеледі», - деді спикерлер.

Сондай-ақ, полицейлер барлық азаматтардың өздерімен бірге жеке куәлігін алып жүру қажеттігін еске салды.

Эфир барысында қойылған сұрақтың көбі нақты жағдайларға байланысты болды. Спикерлер аймақтың санитарлық дәрігерінің қаулысына енгізілген өзгерістерді ескере отырып жауап берді. Мәселен, саяжайларға қатынауға қазіргі уақытта тыйым салынған.

Жоғары қарай