Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Полицейлер мен ауыл әкімі іздеген: СҚО-да бозбала боранда адасып қалды

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 15:19

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары боранда адасып қалған бозбаланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 16 қаңтар күні Көкшетау қаласындағы политехникалық колледжде оқитын 16 жастағы бозбала үйіне бармақ болып, «Көкшетау-Арықбалық-Чистополье» автобусына мінген. Кешкі сағат 19.00 шамасында Салқынкөл-Чистополье автожолдарының қиылысында қоғамдық көліктен түсіп қалған. Ақмола облысы Жақсы ауданындағы Моховое елді мекеніне жаяу жеткен оны, сол жерде досы күтіп алатын болып келіскен. Алайда, досы ол келмегеннен кейін сағат кешкі 22.00-де төтенше жағдай департаментінің «112» қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған.

Бірден барлық тиісті қызметтерге хабар беріліп, Ғ.Мүсірепов ауданынан бозбаланы іздеуге тәртіп сақшылары және ауыл әкімі шықты. Ақмола облысының Жақсы ауданында да құтқару іс-шаралары қолға алынды.

«Түнгі сағат 1.30-ға дейін іздедік. Бораннан түк көрінбейді. Телефонының батареясы отырғандықтан, жоғалған баламен байланыса алмадық. Түнгі сағат 2.00 шамасында оны патрульдік полицейлер тауып алды», - дейді Ғ.Мүсірепов ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Руслан Біржанов.

Полицейлер қатты шаршаған бозбаланы «Алматы-Екатеринбург» автожолының 850-шақырымында, Ақмола облысының шекарасына 6 шақырымдай жерде тауып алды. Олар жас жігітті Чистополье елді мекеніне жеткізіп, тамақтандырып, кейін ауылдық амбулаториядағы дәрігерлердің қолына тапсырған. Қазір баланың денсаулығына келер қауіп жоқ.


Жоғары қарай