Ауа райы
Нұр-Сұлтан 29 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

PhD алу үшін шетелдік басылымдарда жариялану талабы: Сағынтаев себебін түсіндірді

2019 жылдың 21 қаңтар 2019 17:36 2480

АСТАНА. ҚазАқпарат - Философия (PhD) докторы дәрежелеріне үміткерлер үшін халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабы жас ғалымдардың академиялық жазу деңгейін жоғарылатуға септігін тигізеді Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық философия (PhD) докторы дипломдарының халықаралық білім беру кеңістігінде салыстырымдылығы докторанттар даярлаудың және қорғалатын диссертациялар деңгейінің жоғары сапасын көздейді. Бұл 2011 жылы докторантураның жаңа моделін енгізу кезінде Clarivate Analytics деректер базасында импакт-факторы бар немесе Scopus базасына кіретін шетелдік басылымдарда жарияланым болу талабының мақсатқа сай екендігін айқындап берді. ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Дәрежелер беру қағидаларына сәйкес докторанттың жеті жарияланымының біреуі халықаралық рецензияланатын басылымда жариялануы қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұл ретте, Үкімет басшысының атап өтуінше, техникалық бағыттармен салыстырғанда докторантураның гуманитарлық даярлық бағыттары үшін таңдау көбірек - шетелдік журнал Clarivate Analytics ақпараттық компаниясының деректер базасында (Web of Science Core Collection) нөлдік емес импакт-факторға ие немесе индексацияланатын болуы керек немесе Scopus, JSTOR базаларына кіруі қажет.

«2017 жылғы 581 түлектің ішінен 406 докторант немесе шамамен 70% диссертацияларын қорғады. Олардың барлығы диссертацияларын қорғағанға дейін шетелдік мақалалар жариялаған. Уақытында қорғалмайтын докторлық диссертациялар проблемасы ЖОО-да докторанттарды даярлау сапасы мен бақылау мәселесіне жатады. Clarivate Analytics және Scopus базасына кіретін шетелдік басылымдардың негізгі өлшемшарттары - мақаланың сапасы мен оның бірегейлігі, халықаралық немесе жаһандық көзқарас, қорытындылардың шынайылығы мен объективтілігі, логикалық мазмұндалған дәлелдемесі. Сонымен қатар, базаларда индексациялану үшін журналдар жарияланымдардың халықаралық сипатын және авторлардың кең географиясын көрсетуі тиіс. Шетелдік рейтингтік басылымдарда жариялану мүмкіндігі докторанттарды даярлау бағытына тәуелді емес», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, соңғы 3 жылда жалпы қорғаулар ішінде гуманитарлық бейіндегі докторанттар саны 29 пайызды құрайды және олардың бәрінде талап етілетін шетелдік жарияланым бар. Бұл ретте, докторантураның білім беру бағдарламасы рейтингтік шетелдік басылымдарда диссертациялар нәтижелерін жариялау үшін жеткілікті мүмкіндіктер жасайды. Айталық, докторантура бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес докторлық диссертация жөніндегі ғылыми консультанттардың бірі болып шетелдік ғалым тағайындалады. Сондай-ақ даярлық бағытына қарамастан барлық докторанттар шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге тиіс. Clarivate Analytics және Scopus деректер базасындағы гуманитарлық бағыттар бойынша рейтингтік журналдардың саны докторанттардың зерттеулеріне сайкес келетін журналды табуға жеткілікті. Clarivate Analytics деректер базасында импакт-факторы бар журналдардың 22 пайызы (1700) әлеуметтік ғылымдарға жатқызылған. Scopus базасында әлеуметтік (гуманитарлық) ғылымдар және өмір туралы ғылымдар бойынша басылымдар тиісінше 24 пен 15 пайызды құрайды.

«Сонымен бірге, докторанттар мен ғылыми атақтарға үміткерлердің ғылыми қызметінің нәтижелерін жариялауға сапасы жоғарылау рейтингтік журналдарды іріктеу үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес Дәрежелер беру қағидаларына және Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережесіне библиометриялық көрсеткіштерді (Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports дерегі бойынша квартиль және Scopus базасы бойынша CiteScore процентиль корсеткіші) пайдалануды көздейтін өзгерістер енгізілуде. Осылайша, философия (PhD) докторы, бейіні бойынша доктор дәрежелеріне үміткерлер үшін халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабы жас ғалымдардың академиялық жазу деңгейін жоғарылатуға, сондай-ақ ұлттық гуманитарлық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікте бірегей әлеуметтік білім ретінде танымал етуге бағытталған», - деді Премьер-Министр.

 

 

Жоғары қарай