Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Петропавлда ЖОО-ның әскери кафедрасына түсуге бір орынға 6 студент таласты

2019 жылдың 12 тамыз 2019 23:44

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жоғары оқу орнының әскери кафедрасына қабылдану үшін биыл 500 жас өтініш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылдан бастап жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда жастар тек грант негізінде оқиды. Биыл Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери кафедрасына 80 студент қабылданды.

«Студенттерді әскери кафедраға іріктеп алу үшін конкурс үш кезеңмен жүзеге асырылды: бірінші кезеңде – наурыз және сәуір айларында студенттер жергілікті әскери басқару органдарында әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидалары туралы ережеге сәйкес медициналық куәландырудан өтті. Екінші кезеңде – 5-6 тамызда талапкерлер СҚМУ-да кәсіби-психологиялық тестілеуге қатысты. Үшінші кезеңде – 7-9 тамыз аралығында «Динамо» стадионында дене дайындығынан сынақ тапсырды. Алдыңғы кезеңнен өтпеген талапкер келесі кезеңге жіберілмеді», - деді СҚО ҚІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Әбжапбарова.

Оқуға түскен жастар әскери дайындықтың толық курсын екі жыл ішінде тегін меңгеріп шығады. Оқу орнын бітірген соң «запастағы лейтенант» әскери шені беріледі.

СҚМУ-дің әскери кафедрасының басшысы Шайзатхан Әбжапбаровтың айтуынша, биыл 500-ге жуық студент әскери кафедраға түсуге тілек білдірген. Бірақ басымдық бірінші курсты жақсы бағаға оқыған, моральдық-психологиялық тұрақтылық деңгейі және дене дайындығы жоғары жастарға берілді.

Мамандардың айтуынша, былтыр да бір орынға 6-7 адамнан таласып, нәтижесінде 90 студент грантқа, 45-і ақылы негізде қабылданды.

Жоғары қарай