Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Петропавлда жарылғыш зат туралы хабар жалған болып шықты

2019 жылдың 28 қазан 2019 19:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында белгісіз біреудің «тоғыз қабатты тұрғын үйге жарылғыш зат қойылды» деген хабарынан кейін 123 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңертең Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне Н.Назарбаев көшесіндегі 154-үйге бомба қойылғаны туралы белгісіз ер адам қоңырау шалған.

Оқиға орнына келген құқық қорғау органдары жедел бөліністерінің қызметкерлері 123 адамды, оның ішінде 46 баланы қауіпсіз жерге шығарды. 9 қабатты үй қоршауға алынды, жарылғыш заттарды іздеу жөніндегі мамандар иісшіл иттермен ғимаратты тексеріп шықты. Операция бір жарым сағатқа созылды. Осы аралықта тәртіп сақшылары қоңырау шалушыны да анықтады. Ол 32 жастағы қала тұрғыны екен. Бұзақылық ниетпен хабарласқанын мойындады.

«Бұрын күдікті құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген, сотталмаған және басқа да жауапкершілікке тартылмаған. Ұсталған сәтте ол мас күйде болған», - деп хабарлайды СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов.

Күдікті Петропавл қалалық Полиция басқармасына жеткізілді, оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе қаралып жатыр. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Құқық қорғау органдарында бұзақылықпен қоңырау шалушыларды анықтауға арналған техникалық құрылғылар бар. Бұл бап бойынша айыппұлдан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген» - дейді Руслан Мұхамбетжанов.

Жоғары қарай