Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Петропавлда мас күйде субұрқаққа шомылған ер адам жазаға тартылды

2019 жылдың 4 шілде 2019 22:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы сауда үйлерінің маңындағы бұрқаққа шомылған 39 жастағы ер адамды тәртіп сақшылары анықтап, әкімшілік жазаға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінің қасындағы субұрқаққа жартылай жалаңаш күйде суға түскен ер адамның бейнеролигі тараған. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті бұзған тұрғынды көп ұзамай анықтап, қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау камерасына қамады. 39 жастағы петропавлдық бұл қылығын мас болуымен түсіндірген.

«Бұл оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік іс жиналып, Петропавл қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Бұзақылық жасағанынан басқа ер адам қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін де жазаға тартылды», - дейді полицейлер.

Әлеуметтік желіге тараған фотодағы тағы бір бұзақыны қазір тәртіп сақшылары іздеп жатыр. Жас жігіт Петропавлдағы орталық көшенің бойындағы бұрқаққа дәрет сындырған. Осыған байланысты «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ Украинская көшесіндегі аялдама әйнегін сындырып кеткендер де іздестірілуде.

«Петропавл қаласында жыл басынан ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 313 адам жауапкершілікке тартылды. Облыс орталығы көшелерінде күнделікті кезекшілік ететін полицияның кешенді күштерінің қызметкерлері бұзақылыққа жол бермеуді, «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруды мақсат етеді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 бабы бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Бір жылдың ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жаза 15 тәулікке дейін ұзартылады», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Қожағұлов.

Полицейлердің айтуынша, егер де шағын архитектуралық ескерткіштерді әдейі сындырса немесе аялдаманы зақымдап, шығын мөлшері 200 АЕК асса, бұзақы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейін тергеу жүргізіледі.

Жоғары қарай