Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Петропавлда көпбалалы отбасылардың терезелері қауіпсіз етіп жасалуда

2020 жылдың 22 мамыр 2020 19:54

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда балалардың көпқабатты үйдің терезесінен құлауына жол бермеу мақсатында «Қауіпсіз терезе» акциясы бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл – Петропавл қалалық әкімдігі мен прокуратураның ортақ бастамасы. Акция аясында жоғары қабатта пәтері бар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылып жатыр.

«Көппәтерлі үйлердің жоғары қабатында тұратындарды таңдап алдық. Бірер күнде 35 отбасыны аралап, терезелеріне бекітпелер орнатамыз. Бір терезеге қойылатын құрылғы 2,5 мың теңге тұрады. Көпбалалы отбасы үшін бұл аз сома емес. Өйткені бір пәтерге кемінде үш-төртеуін орнату қажет», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің маманы Ерлан Қайырбеков.

Шаһар тұрғыны Любовь Ушакованың 5 баласы бар. Ең кішілері – 1 және 2 жаста. Әйелдің айтуынша, сәбилері қолды-аяққа тұрмайды, үнемі назарды қажет етеді. Бүгін оның үш бөлмелі пәтерінің терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылды.

«Байқамай қалатын кездер болады, мазасыз шақтары ғой. Мамандарға алғысым зор. Былтыр бірнеше бүлдіршіннің терезеден абайсызда құлап кеткенін естідім. Балаларым үшін алаңдап отырамын», - дейді қала тұрығы Любовь Ушакова.

Былтыр СҚО-да 4 бүлдіршін үйдің жоғары қабатынан құлап кетті. Үшеуі сол жерде мерт болса, біреуі мүгедек болып қалды. «Қауіпсіз терезе» акциясы алда жалғасын табады.


Жоғары қарай