Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Петропавлда қоқысты жинап, өңдеумен 12 кәсіпорын айналысады

2020 жылдың 24 ақпан 2020 18:36

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы 450-ден астам қоқыс полигонының 17-сінің ғана құжаттары түгел, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірдегі 458 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының 279-ының ғана жер актілері ғана бар. 179-ында жердің құжаты болмағандықтан тәртіпке келтіру үшін қаражат бөлінбейді.

«Алайда бар құжаты түгел аудандар да қоқыс орындарында үйіп жинау жұмыстарын жүргізбейді. Былтыр полигондарды жөнге келтіруге аудандар 13 млн 977 мың теңге бөлді, бірақ жұмыстар аяқталмады. Қызылжар және Ақжар аудандарының орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтарды бөліп жинайтын 40 шақты контейнер орнатылған. Бірде-бір ауданда қоқыс өңделмейді және қайталама шикізатты қабылайтын орын жоқ», - дейді СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жетекшісі Марат Ескендіров.

Петропавл қаласында тұрмыстық қатты қалдықты жинап, қайта өңдеумен 12 кәсіпорын айналысады. Былтыр олар 7550 тонна қоқысты кәдеге жаратқан. Шикізат ретінде өңдеп қана қоймай, күнделікті қолданылатын тауар ретінде шығарады.

«Облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықты бөліп жинау мақсатында 954 контейнер орнатылған. Оның 370-і аулаларда былтыр пайда болды. Ал қолданылған қағазды жинауға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға 800 экобокс қойылған. Ескі электр қондырғыларын Петропавлдағы 13 арнайы контейнерге тастауға болады. Бұдан басқа қайталама шикізатты қабылдайтын 9 орын ұйымдастырылған», - дейді Марат Ескендіров.

Мамандардың айтуынша, ғарыштан мониторинг жүргізу барысында былтыр облыс аумағында рұқсат етілмеген 900-ге жуық қоқыс полигоны анықталды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде оның саны 200-ге қысқартылды.


Жоғары қарай