Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Петропавлда бір күнде 3 бала суға кете жаздады

2019 жылдың 2 тамыз 2019 19:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құтқарушылардың қырағылығының арқасында үш жасөспірім ажалдан аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға бірінші тамызда болған. Құтқарушылар әдеттегідей кісі көп демалатын Петропавлдағы Есіл өзені және Пестрое көліндегі жағажайларға кезекшілікке түскен.

«Күн ыстық, сол себепті суға шомылуға келген демалушылардың да қарасы қалың болды. Мұндайда әсіресе балаларды көзден таса қылмау керек. Кешкі 18.00-дер шамасында үрлемелі матраспен көл шетінде жүрген 12 және 13 жасар екі бала ойынға беріліп, қалай судың терең жеріне кетіп қалғанын байқамай қалды. Бір кезде қатты жел тұрып, матрасты аударып тастады. Екі бала суға бата бастады», - дейді оқиға орнында болған құтқарушылар.




Жедел-құтқару жасағының кезекшілікте жүрген мамандары Алмас Жакин мен Руслан Асқапов балаларға көмекке ұмтылды. Жасөспірімдер аман-есен жағаға шығарылды.

Осыған ұқсас оқиға сол күні күндіз Есіл өзеніндегі қалалық жағажайда болған. Суда ойнап жүрген 11 жасар қыздың үрлемелі шеңберін жел өзен ортасына қарай ұшырып әкеткен. Ойыншығының артынан жүгірем деп бата бастаған қызды сол жерде кезекшілікте жүрген қоғамдық құтқарушы Әділет Жүнісов пен жедел-құтқару жасағының медбикесі Муршида Обознова көріп қалған. Жеткіншек құтқарылып, жағада оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Облыстың құтқарушылары осыдан бірер күн бұрын арнайы шомылу құралынсыз суға түсіп, жағаға жете алмай бата бастаған екі жас қызды құтқарған еді.

Жалпы, жыл басынан өңірдегі су айдындарында 17 адам суға кетіп, қаза тапты.

Жоғары қарай