Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 384.52
EUR 431.32
RUB 6.10
CNY 55.89

Петропавл тұрғындары газ иісіне шағымдануда

2019 жылдың 18 маусым 2019 12:42 563

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында бірер күннен бері газға ұқсас қатты иіс шығып, тұрғындардың мазасын алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдың кейбір ықшамаудандарында қатты газ иісінің шығып тұрғаны жөнінде жазбалар алдымен әлеуметтік желілерде пайда болды. Тұрғындар  апаттық қызметтерге жүгінгенімен, жөнді жауап ала алмаған. Иіс қайдан келіп жатыр, адам денсаулығына қаншалықты зиян - бұл жөнінде петропавлдықтар арасында алып-қашпа әңгіме көп.

Бүгін осы мәселеге орай Петропавл қалалық әкімдігі журналистерге түсініктеме берді. Айтуларынша, облыс орталығында газ иісі маусымның 17-сінен бастап шыға бастаған. Ең алдымен «Жас өркен» ықшам ауданында, Петров және Алтынсарин көшелері бойынан бастау алып, қаланың басқа аудандарына тараған.

«Жергілікті атқарушы билік СҚО Төтенше жағдайлар департаментімен, тұтынушылар құқығын қорғау, экология, «Горгаз» және «Қызылжар -Су» ЖШС-мен бірге газдың шығуын және оның салдарын болдырмау мақсатында бірқатар іс-шараларды қолға алды. Қазір тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ауадағы зиянды заттарды анықтау бойынша мониторинг жүріп жатыр. Жедел штаб құрылып, оның құрамына облыс, қала әкімдігінің өкілдері, өкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлері кірді», - делінген Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа құрамы нормаға сай, сағат сайын өлшем жасалуда. Жағдайды мамандар бақылауда ұстап отыр.

Сондай-ақ зардап шеккендер және дәрігердің көмегіне жүгінгендер болмапты. Әзірше қатты иістің қайдан шыққаны жөнінде нақты жауап жоқ.

 

 

 

 

Жоғары қарай