Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Павлодарлық ұстаздар қазақша хоккей ойлап тапты

2020 жылдың 14 ақпан 2020 08:45

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қазақша хоккей ойлап тапты. Ережелері қазақтың ұлттық қазан ойыны негізінде жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтемемен.

Ойын авторларының бірі – химия-биологиялық бағытындағы НЗМ-нің дене шынықтыру пәні мұғалімі Серік Темірғалиевтің айтуынша, QAZ-HOK, яғни қазақша хоккей ережелері әртүрлі тарихи құжаттарды зерттей отырып әзірленді. Спорттық ойынға авторлық куәлігі берілді.

«Қазақтарда ертеде қорғаныс пен шабуыл тәсілдері пысықталатын қазан ойыны болған. Әріптес-педагогтар Болат Мұқышев пен Данияр Нұрғалиевпен бірлесе бұл ойынның ережелерін қазіргі заманға лайық етіп өзгерттік. Ойын ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік институтында сараптамадан өтті», - дейді Серік Темірғалиев.

QAZ-HOK-та бес-бестен бөлінген екі команда допты таяқпен қазанға тигізуі шарт. Осы арқылы ойын допты хоккейге ұқсайды. Доптың диаметрі 7,6 см.




«Алаңның екі жағындағы 1,8 метрлік шеңбер ортасына 50х40 сантиметрлік көп қырлы «қазан» қойылады. Әрбір команда шабуылға берілген 5 минут ішінде допты қазанға тигізуі керек. Қорғанған команда қазан айналасындағы шеңбер ішіне кірмеуі тиіс. Бес минут аяқталғанда шабуыл құқығы қарсылас командаға беріледі», - дейді педагог.

Кез келген спорт түрінде тәрізді мұнда да ереже бұзған командаға жаза тағайындалады. Допты аяқпен ойнаған командаға буллит секілді алаң ортасынан еркін соққы бағытталады. Балағат сөз айтқан немесе төреші шешімімен келіспеген ойыншы 2 минутқа алаңнан қуылады.




Серік Темірғалиевтің сөзіне қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасап шығарылған бұл ойын мектептерде өткізуге ұсынылады. Қазақша хоккей жастарды ептілікке, ұжымда бірлесе қимылдауға үйретеді. Назарбаев Зияткерлік мектебінде қала мен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің дене шынықтыру мұғалімдеріне ойын ережелері мен ерекшеліктері таныстырылды. Алдағы уақытта аталған спорттық ойыннан қала мектептері арасында жарыс өткізу жоспарлануда.


Басты сөздер: Аймақ, Спорт, Павлодар облысы,
Жоғары қарай