Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Павлодарлық қария республикалық бата беру байқауында 1-орын алды

2019 жылдың 14 наурыз 2019 16:26

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық қария Балтабай Сыздықов республикалық бата беру байқауының жүлдегері атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Атырау қаласында өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық бата беру байқауына еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 17 ақсақал қатысты. Байқау ережесі бойынша қатысушылар 3 кезеңде сынға түсті. Алғашқы кезеңде бір тарихи тұлғаның батасын берсе, екінші кезеңде өзі дайындаған батасын беруге тиіс болды. Ал, үшінші кезеңде қоржыннан суырылған билет бойынша түскен тақырыпта бата берілді. Павлодар облысының намысын ҚР Мәдениет қайраткері, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Балтабай Сыздықов қорғады.

«Ақпан айында облыста өткен іріктеу байқауында жеңімпаз атанып, республикалық жарысқа жолдама алған болатынмын. Атыраудағы сайыста бірінші Қашаған Күржіманұлының ұзатылған қызға берген батасын айттым. Екінші кезеңде өз жадымнан суырып жаңа туылған нәрестеге бата бердім. Үшінші кезеңде қоржыннан «тұл қалуға» байланысты тапсырма түсті. Еш мүдірмедім»,- деді Балтабай Сыздықов.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде 80 жастағы алматылық ақсақалға бұйырды. Ал, 1-орынды павлодарлық 74 жастағы Балтабай Сыздықов жеңіп алып, 750 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Еске салайық, ақпан айында Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Батаменен ел көгерер» байқауында 20 ақсақал сынға түскен болатын.

Фото: Дархан Өмірзақов

Жоғары қарай