Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Павлодардан шағым көп келеді. Ерлан Тұрғымбаев департамент басшысына сәлем жолдады

2019 жылдың 7 тамыз 2019 17:21 229

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясында азаматтарды қабылдау барысында Павлодар облысының полиция департаментінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үйдегі газ баллонының жарылысы кезінде анасынан айырылған павлодарлық Найлян Имашева адам өмірін жалмаған жарылыстың мән-жайына полиция қызметкерлерінің салғырт қарап отырғаны туралы айтып шағымданды. Оның айтуынша, аталмыш оқиғаға қатысты кісі өлімі бойынша емес, бөтеннің мүлкін зақымдау фактісі бойынша тергеу жүргізілген.

«2018 жылдың желтоқсанында біздің үйде газ баллоны жарылған болатын. Біз баллонды жанармай бекетінен толтырып әкелгенбіз. Қолданып та үлгермедік. Кенет ол жарылды. Жарылыс соңы өртке ұласып, анамның денесінің 95 пайызын, әкемді 73 пайыз, өзімді 73 пайыз, қызымды 60 пайыз күйік шалды. Бәріміз жансақтау бөліміне түстік. Үшінші күні анам өмірден өтті. Осы оқиға қатысты «Бөтеннің мүлкін жою және бүлдіру» деген 204-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді тұрғын.

Оның сөзіне қарағанда, қозғалып жатқан іске күйік шалып қайтыс болған әке-шешесі кірмей қалған.

«Істе қаза болған әкем мен анам жоқ. Кінәлі де, жоқ, бап та жоқ. Полиция қызметкерлері Екібастұз қаласына сұрау салғанын, олардың қарауында 120 құжат жатқанын, оның барлығын жатқа білу мүмкін емес екенін айтты. Кейін бізді полиция басшысы шақырып, іс азаматтық сотқа беріледі деді», - деп шағымданды ол.

Министр Ерлан Тұрғымбаев өтініш білдіргендерді тыңдап, істі тексеріп, тіркеуді тапсырды.

«Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне барасыз. Бізде барлық іс тексеріліп, тіркеледі. Оқиға орнына да адамдар жіберіп, тексеру қажет. Өрт-техникалық сараптаманы қайта көтеру керек. Қатысы бар адамдар жауапқа тартылады. Бұл істе ешқандай қиындық жоқ. Тек күтіңіз», - деді министр.

Сондай-ақ, ол кінәлі қызметкерлерге қарсы «қызметінен босатуға дейін» жаза қолдану туралы туралы бұйрық дайындауды тапсырды.

«Павлодар, байланыста барсыздар ма? Департамент басшысы еңбек демалысынан қашан шығады? Оған дұғай сәлем айтыңыздар. Осы оқиға бойынша арнайы тексеру жіберемін. Қызметтен босатуға дейін жаза қолдану туралы бұйрық дайындаңыздар. Екі адам қаза тауып, екі адамды күйік шалған. Оған ешкім кінәлі болмағаны ма? Жалпы Павлодар бойынша жұмыстарыңызға риза емеспін. Шағымданушылар көп келеді. Ешқандай реакция жоқ. Заңсыздық жайлап алған ол жақты. Барлық фактілер бойынша тексеру жіберемін», - деді министр.

Еске салсақ, бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жоғары қарай