Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.59
EUR 429.43
RUB 5.91
CNY 56.58

Павлодар облысының оқушылары ғаламшарды зерттейтін робот жасады

2019 жылдың 20 ақпан 2019 09:19 560

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының оқушылары «Жұлдыздар бізге сәуле шашады» атты жас астрономдар форумында ғарышты игеруге арналған ғажайып жобаларын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облыстық Білім басқармасының хабарлауынша, биылғы төртінші форумға дарынды 45 оқушы қатысты.  

Екібастұздағы мамандандырылған «Зерде» мектебінің оқушылары Диана Каримова мен Зарина Мейрашева таңдаған «Кардиостимуляторды модельдеу» атты күрделі тақырып көпшілікті таңғалдырды.

«Майқайың кентінен келген Камила Серікова мен Айым Уахиттың жұмысы ерекше қызығушылық тудырды. Жас дарындар Жер тобындағы ғаламшарлардың бетін бұрғылауға мүмкіндік беретін роботты жасап шықты. Ал Майқайың мектебінің оқушысы Айқанат Бағынбаевтың жұмысында тәжірибе жүргізу арқылы алынған фактілері қызықты болды», - дейді Білім басқармасының өкілдері.

Форум қатысушыларының жобаларын қазылар алқасы бағалап отырды. Нәтижесінде, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қуаныш Сәрсекеев пен Алина Пархомчуктың, сондай-ақ Ақсу гимназиясының оқушысы Аймира Оспанованың космонавтиканың соны әдістерімен байланысты жұмыстары үздік деп танылды.

«Ғарышты зерттеу - Қазақстан ғылымының перспективалы бағыттарының бірі. Бүгінгі оқушыларда Ғалам мен ғарышты зерттеуге барлық мүмкіндік бар. Олар Оқушылар сарайында ашылған обсерваториядағы заманауи қондырғы арқылы жұлдыздар мен ғаламшарларды зерттей алады», - деді ведомстводан.

Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.

 

Фото: Павлодар облысының Білім басқармасы

 

 

 

Басты сөздер: Аймақ, Павлодар облысы,
Жоғары қарай