Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Павлодар облысының әкімі апта сайын қабылдау өткізеді

2019 жылдың 14 қараша 2019 16:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысында әлеуметтік мәселелерді шешуге 52 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңір әкімі Болат Бақауов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы әлеуметтік мәселелерді шешуге бюджеттен 52 млрд теңге бөлінді. Жаңа формат бойынша атаулы әлеуметтік көмек 8 609 отбасына төленді. Жұмыспен қамту шараларына 20 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тартылды. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 9 мыңнан астамы - тұрақты жұмыс орындары», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, әкім еңбек нарығындағы белсенді шаралар арқылы жұмыссыздық деңгейін 4,7% түсіргенін жеткізді.

«Халықты жеке қабылдау арқылы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып жүрміз. Мұның барлығы «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жасалып жатыр. Апта сайын әр сейсенбіде «Nur Otan» партиясына келіп, халықты қабылдаймын. Немесе тұрғындар Instagram арқылы, облыс әкімдігіндегі бейнеүндеу арқылы жүгіне алады. Ай сайын «Nur Otan» партиясында ардагерлер, мүгедектер, денсаулық сақтау мамандары, ұстаздар қауымы, қамқоршылық кеңес сынды халықтың белгілі бір топтарымен кездесемін. Облыстың өзге қалалары мен аудандарында да әкімдер дәл осылай кездесу ұйымдастырады, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Біз халықтың өзекті мәселелерін білеміз және оларды тезірек шешуге тырысамыз», - деді әкім.

Айта кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов елордада 2019 жылдың 10 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беруде. Бұған дейін әкім өңірдің экспорттық әлеуеті, инвестициялық жобалары туралы баяндаған болатын.

Жоғары қарай