Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Павлодар облысында тұрғындардан қарыз алғыш ауыл әкімі қызметінен қуылды

2019 жылдың 8 сәуір 2019 23:34 563

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Успен ауданы Новопокровка ауылдық округінің әкімі Дулат Сүйлеменов тұрғындардан қарыз алып, оларды қайтармағаны үшін жұмысынан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Юрий Фельдманның мәліметінше, өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында Новопокровка ауылдық округінің әкімі Дулат Сүйлеменовтің үстінен бірнеше шағым түскен.

«Шағым жасаған азаматтардың айтуынша, ол ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерден қарызға ақша алып, кейін қайтармай қойған. Кейбір тұрғындар әкімнің сөзіне сеніп, оған қарызға ақша бергені туралы қолхат та алмаған. Сондықтан да, олар өздерінің қарыздарын сот арқылы қайтара алмай отыр», - деді Юрий Фельдман.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Успен ауданына барып, жүргізілген тексерістің нәтижесінде аталған деректер нақтыланды.

Атап айтқанда, Дулат Сүлейменов аудандағы кәсіпкерлердің бірінен 300 мың теңге, сондай-ақ екі ауыл тұрғынынан 17 және 140 мың теңге қарызға алған. Бірақ кейін берешегін қайтармаған.

«Новопокровка ауылдық округі әкімінің бұл әрекеттері жалпы моральдық-этикалық нормаларды бұзып отыр. Сонымен бірге, ол Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 49-бабы мен Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің кейбір нормаларын бұзды. Ауыл әкімінің әрекеттері мемекеттік қызметке қайшы болып табылады», - деді ол.

Әдеп жөніндегі уәкіл Успен ауданының әкіміне Дулат Сүйлеменовті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. 3 сәуір күні Павлодар облысының әкімімен келісу арқылы және Новопокровка ауылдық округінің жергілікті қауымдастығы жиналысының шешімі негізінде Дулат Сүлейменов қызметінен босатылды.

 

 

Жоғары қарай