Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Павлодар облысында өсірілген қарбыз Ресейге экспортталуда

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 14:14

АҚҚУЛЫ. ҚазАқпарат - Биыл Аққулы ауданында 2000-нан астам гектарға егілген бақша дақылдарынан 80 мың тоннадан астам өнім алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

- Соңғы үш жылда QARBYZ фестивалі өткізілмеген болатын, - дейді аудан әкімі Абзал Балғабаев. – Биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсынысымен дәстүрлі шара қайтадан қолға алынды. Ауданда барлығы 20 бақшашы қарбыздың 80 түрін егеді. Оның ішінде қыркүйектің соңында пісетін «холодок» деген түрі көпшілікке кеңінен танымал және брендке айналған десе болады.




Аудан басшылығының айтуынша, «Шапуов» шаруа қожалығы қауынның 10 түрін өсіреді. Келесі жылы асқабақтың дәндерін өңдеу, сондай-ақ, 3000 гектардан астам суармалы жерлерді ұлғайту жоспарланып отыр. Қарбыздың басым бөлігі Ресей еліне экспортталады.

Сонымен қатар, биыл Нұр-Сұлтан қаласына 30 тонна өнім жіберілген. Шарбақты ауылдық округінің әкімі Талғат Қасенов өткен жылмен салыстырғанда биыл жеміс пісетін кезде жаңбыр болмағанын айтады.

- Егін алқаптарынан келісі 30-40 теңгеден сатылады, - дейді әкім. - Барлығы 17 шаруа қожалығы қарбыз өсірумен айналысады. Оның ішіндегі ең ірісі – «Шапуов» қожалығы қарбыздың 50 түрін егеді. Биыл гектарынан 15-20 центнер өнім алынды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 35 центнерге дейін жеткен. Асқабақ та шамамен осындай көлемде алынды. Алқаптарда өнімнің 10 пайызын жинау қалды. Алдағы күндері үсік жүреді. Сондықтан жиын-терім жұмыстары қарқынды жүруде.

Биыл салмағы 24 келі тартатын қарбыз алған «Аққұм» ШҚ басшысы Абай Түсіпов мұндай ірі қарбыздар жыл сайын кездесетінін айтады. Дегенмен, биыл осындай көлемдегі қарбыз алғаш рет тіркелген.

- Бұл кәсіп әкемізден сабақтас ретінде сонау 90 жылдардан жалғасып келеді, - дейді қожалық иесі. – Біздің қарбыздарды Нұр-Сұлтан, Омбы, Новосібір қалаларынан кездестіруге болады. Бүгінде сұраныс жақсы. Биыл гектарынан 15-20 тонна, барлығы 100 тоннадан астам өнім алдық. Оның жартысы Ресей еліне экспортталды. Көбінесе голланд сұрыптарын егеміз және тыңайтқыштарды қолданбаймыз. Яғни, таза табиғи өнім.




Мерекелік шара барысында сауда-саттық жәрмеңкесі мен әр ауылдық округтің фестивальге арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы және сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Олардың ішінде Малыбай ауылдық округі бірінші орынды, Ямышев ауылдық округі екінші орынды және Қызыләскер ауылдық округі үшінші орынға ие болып, арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.










Жоғары қарай