Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 378.56
EUR 424.44
RUB 5.91
CNY 56.36

Өзбекстанда «Ұлы дала мұралары» көрмесі ашылды

2019 жылдың 22 ақпан 2019 17:00 1305

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкенттегі «Темір әулетінің тарихы» мемлекеттік музейінде «Ұлы дала мұралары» көрмесі ашылды. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған көрмеде 50-ден аса фото және тарихи баспа өнімдері қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық көрме Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының жылына орай ұйымдастырылған болатын. Екі ел президенттерінің кезекті кездесуінде 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын атап өту туралы шешім қабылданған болатын. Осылайша екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызын, тарихымыздың ортақтығын, рухани жаңғыруымызды назарға алып, мәдени байланысты дамыту керектігіне тоқталғаны белгілі.

Ташкенттегі шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов пен «Темір әулетінің тарихы» мемлекеттік музейінің директоры Хуршид Файзиев құттықтау сөзбен ашып берді.

null 

«Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ең алғашқы іс-шараны бастап Ташкент қаласына келдік. Қорында 25 мыңнан астам жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Өзбекстан Республикасында көрмені өткізудегі мақсаты - екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту, түркі әлемінің қара шаңырағы Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы коммуникацияны нығайту. Рухани байланыс, мәдени қарым-қатынасы егіз қос елдің ынтымағы арта берсін!»,-деді қорық-музей басшысы Нұрболат Қадырұлы.

null

Көрмеде 1871-1872 жылдары жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері - Тайқазан, Лауһа (тудың ұшы), Шырағдандар, Есіктер мен қорық-музей қорындағы этнографиялық, археологиялық материалдар, Түркістан өңіріндегі тарихи-рухани орындардың фотосуреттері көпшілік назарына ұсынылды. Шара барысында өзбекстандық көрме тамашалаушылар «Түркістан әфсанасы» деректі фильмін де тамашалады.

Сондай-ақ, қорық-музей Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын негізге ала отырып, Ұлы даланың рухани мұраларын шетелдерде таныту, насихаттау арқылы еліміздегі тарихи орындарға шетелдіктердің қызығушылығын тудыруды көздейді.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі  өткен жылы Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Бурса қалаларында «Қожа Ахмет Ясауи мұралары және Түркістан» тақырыбында, Грекияның Салоники, Ресейдің Сочи қалаларында халықаралық көрмелерге қатысты. Ал, Ташкенттегі көрме бір ай келушілерге қызмет көрсетеді.



null 

null 

 

Жоғары қарай