Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Өскеменде бала асырап алушы ата-аналардың арнайы клубы бар

2019 жылдың 19 қазан 2019 17:49

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде бала асырап алушы ата-аналардың арнайы клубы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бала асырап алу бір қарағанда оңай шаруа емес көрінеді. Бізге бұл туралы Екатерина Ванюшкина айтып берді.

– Айналамызда қайырымды жандар аз емес. Әйткенмен бала асырап аламын деген ата-ананың жолында көптеген кедергілер кездесуі мүмкін. Мысалы біреулерге ақпараттық қолдау қажет болса, әлдекімге заң тұрғысынан ақыл-кеңес керек. Оның үстіне балалар үйінің басшылары мен бірқатар мемлекеттік органдардың «қырсықтығын» қосыңыз. Міне, осындай жағдайларда көмек қолын созу үшін аталмыш клубты ұйымдастырдық, – дейді маман.

Екатерина – ұйымдастырушы әрі кеңесші маман. Өзі де жеті жасар бүлдіршінді бауырына салып отыр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада мұндай ата-аналар көп. Клуб мүшелері бала асырап алуда бір-біріне қолдау көрсетумен қатар, ай сайын бас қосып, тәжірибе алмасып, ақыл-кеңестерін ортаға салады.

– Балалар үйінен шыққан бүлдіршіндерді бағу оңай емес. Олар он сыз да бір мәрте өмірден соққы алды. Бұған екінші рет жол беруге әсте болмайды. Ай сайын ата-аналар бас қосқанда осы жағына баса назар аударамыз, – дейді Екатерина.

Әзірше клубтың тұрғылықты мекенжайы жоқ. Ата-аналардың алғашқы кездесуі 12 қазан күні «Балалар шығармашылық үйінде» өтті. Аталмыш мекеме басшылығы айына бір рет бос кабинеттерді пайдалануға келісім берген екен. Осы себепті Екатерина әлеуметтік желіде белсенді жұмысқа көшкен. «Бақытты бала» атты ата-аналардың ортақ чатын ашты. Құлағдар болғандар қатарға келіп қосылды. Қоңырау шалып немесе желіде жазып, ақыл-кеңес сұрайтындар күн санап көбейіп келе жатқанын айтады ол.

Осы орайда айта кетейік, клубтың негізін салушы – «Қазақстан бала асырап алушы ата-аналарының қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Ким. Өскеменге арнайы келіп, ата-аналармен сұхбат құрып, бала тәрбиесіне қатысты кеңес берді.

Клуб өз жұмысын әрі қарай жалғастыруға ниетті.

Жоғары қарай