Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

Орталық Азия елдері Жапониямен ынтымақтастық келешегін талқылады - ҚР СІМ

2019 жылдың 19 мамыр 2019 03:31 763

ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы (ОАЖД) Сыртқы істер министрлерінің 7-отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған алаңда Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов, Жапония Сыртқы істер министрі Таро Коно, Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Гаджиев жиналды.

Алғашқы отырысы 2004 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы биылғы жылы 15 жылдығын атап өтті. Бұл форматта диалог халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ Жапонияның қатысуымен аймақаралық ынтымақтастықты нығайту жолдарын ұсынады», - делінген ҚР СІМ-нің баспасөз баянында.



null
Жиналысқа қатысушылар «сағатты теңестіруге» және диалогты дамыту үшін нақты міндеттерді белгілеуге уақыт жеткені туралы ортақ ойға келді. Орталық Азия елдерінің экономикаларын одан әрі жаңғырту мен әртараптандыруда қолданылуы мүмкін Жапонияның экономикалық және технологиялық әлеуеті айтарлықтай қызығушылық тудырады.

Қазақстан Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Б.Атамқұлов біздің еліміз Жапонияның Орталық Азия аймағына деген қызығушылығын, сондай-ақ жапон үкіметі екі жақты түрде және ОАЖД аясында ынтымақтастықтың практикалық жолдарын табуға күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазақстан бұрынғыдай өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық үшін жағдай жасау және сенімді нығайту үшін күш-жігер жұмсауға дайын екендігін атап өтті.

«Орталық Азия - стратегиялық орналасуға ие, сондай-ақ адами және жоғары экономикалық әлеуеті, табиғи және өндірістік ресурстары бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдерімен бауырлас тату көршілік қатынастарды нығайтуға ерекше назар аударады», - деді Б.Атамқұлов.

Душанбедегі биылғы кездесу үш сессиядан тұрады, оның барысында сауда-саттық, көлік, инвестиция, туризм және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Аймақтың транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды, ол теңізге шығу мүмкіндігі жоқ Орталық Азия мемлекеттері үшін жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды мәселе болып табылады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындау үшін Қазақстан экономикалық блогы деңгейінде ОАЖД министрлерінің кездесулерін өткізіп, нақты ұсыныстар жасау және бірлескен жобаларға қатысу үшін кәсіпкерлердің тұрақты түрде кездесулерін тәжірибеге енгізуді ұсынды. Бұл алаң жапон іскерлерінің назарын Орталық Азия елдерінің сауда, экономикалық, инвестициялық және транзиттік көлік әлеуетіне аударуға мүмкіншілік беретін еді.

Туризмді дамыту мәселелері бойынша сессияда Орталық Азия елдері соңғы жылдары шетелдік туристердің қызығушылығын тудырғаны атап өтіліп, бұл аймақтың жоғары әлеуетін көрсетуде. Қазақстандық тарап қатысушыларды біздің еліміздегі туризмді дамыту шараларымен кеңінен таныстырып өтті. Тұрақты және орнықты туризм секторын құруда Жапонияның озық тәжірибелерін енгізу Орталық Азия аймағы үшін бұрынғыдай әлі дамып келе жатқан туристік бағыттар үшін кең мүмкіндіктерді ашады.

Аймақтық қауіпсіздік мәселелері жеке блоктың шеңберінде қарастырылып, оған Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббани қонақ ретінде шақырылды. Қатысушылар терроризмге, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті, сондай-ақ оның басқа компоненттерін талқылады. Кездесуге қатысушылар қазақстандықтардың «Жусан» атты операция шеңберінде Сириядан шығарылуы, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың Ауғанстандағы қауіпсіздік және ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесі туралы жұмысымен мұқият танысып шықты. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерін Нұр-Сұлтанда штаб-пәтері орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қызметіне қатысуға шақырды.



null
Орталық Азия мемлекеттерінің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігінің Қазақстанның күн тәртібінде ерекше орын алған халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы әріптестікті тереңдету туралы ережелерді көрсететін Бірлескен мәлімдеме қабылданды, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуді одан әрі алға жылжытуға ниет білдірді.

Орталық Азия елдерінің өкілдері Жапонияның «Орталық Азияның ашық, тұрақты және тәуелсіз дамуына» қолдау көрсетуі және аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты және аймақтық ынтымақтастықты дамыту үшін «катализатор» ретінде қолдауға шақырды, сондай-ақ экономикалық инфрақұрылымды жетілдіру, оқыту, денсаулық сақтау, табиғи апаттардың алдын алу, аймақтық даму, терроризм және есірткіге қарсы тұру сияқты салаларда қаржылық және техникалық көмек үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, мәлімдемеде мақсатты елдің ашықтығы, экономикалық тиімділігі және қаржылық тұрақтылығы сияқты маңызды элементтер көрсетілген халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары сапалы инфрақұрылымға инвестициялар тарту қажеттілігі атап өтілді.

Кездесу қатысушылары Тәжікстан Республикасына 2017-2019 жж. аралығында төраға-мемлекет ретінде Министрлер Кеңесінің 7-ші отырысын өткізгені үшін алғысын білдірді, сондай-ақ 2019-2020 жылдарда Диалогты басқаратын келесі елдің лауазымына Жапонияның келуін құптады.

Айта кетейік, «Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапонияның бастамасы бойынша құрылған болатын. Алғашқы кездесуі 2004 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтті. ОАЖД шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары - саяси диалог, аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті жылжыту, интеллектуалды диалог, мәдени байланыстар және адам алмасу. Диалог аясындағы Сыртқы істер министрлерінің 8-ші кездесуі 2020 жылы Жапонияда өтеді деп күтілуде.

 

 

Жоғары қарай