Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.59
EUR 429.43
RUB 5.91
CNY 56.58

Оралдық оқушы ғарыш кеңістігіне арналған реактор үлгісін жасап шығарды

2019 жылдың 25 наурыз 2019 11:19 695

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Ақылбек Мақсотов ғарыш кеңістігіне арналған реактор үлгісін жасап шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Ақылбек реактордың 3D моделін, реакция анимациясын жасап шығарған. Реактор арқылы  қазіргі кезде ғарыш айлағына тасталып жатқан көміртегі диоксидінен оттегі және метан алуға болады. Оттегі экипаж мүшелеріне тыныстау үшін, ал метан ракета қозғалтқышына отын ретінде пайдаланылады.

Дәстүрлі әдіске қарағанда, отынның бұлайша өндірілуі арзанға түседі.

Оралдық оқушының бұл зерттеуі Қызылорда қаласында «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбында жуырда осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған ІХ Наурыз кездесулерінде жоғары бағаланып, бірінші орынға лайық деп танылды.

Еліміздің әр өңірінен жиналған жас зерттеушілердің аэроғарыштық инженерия тақырыбындағы сексеннен астам жобасы таныстырылған жарыста озып шығу - үлкен жетістік. Ақылбекке оған қоса  Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуға жолдама берілді. 

«Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің қолынан марапат алуым мені үлкен қуанышқа бөледі. Сондай-ақ Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтердің зияткерлік мектеп оқушыларының жобаларына жоғары баға беруі, ғарыш саласының халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски және NASA-ның ғылыми зерттеушісі Правин Пратапанмен кездесуіміз зор шабыт сыйлады.  VR-көзілдірік пен планер, парашюттерді дайындау бойынша шеберлік сағаттары да өтті. Менің әр қарсыласымның жобасы бірегей деп айта аламын», - дейді Ақылбек Мақсотов.

«Ақылбек - білімге құмар оқушы. Химия-информатика пәнінің оқытушылары оның тереңдетілген тапсырмаларды орындағанды жақсы көретінін, ақпаратты жан-жақты зерттеуге дағдыланғанын айтады. Робототехникаға да қызығушылығы жоғары. Әсіресе, «ROBOLAND - 2016» халықаралық фестивалінде белсендік танытты. Өз бетімен оқуға, ізденуге талпынады. Желілік пән олимпиадаларында да өзінің терең білімін көрсетіп жүр», - дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Ернар Ғайсин.


null 

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір шәкірті, 9-сынып оқушысы Эламир Қадырғалеев Наурыз кездесулерінде жүлделі үшінші орынға ие болды.

Эламир «COSMO-I» жобасында ғарыш ассисстентінің прототипін жасақтаған. COSMO-I - жасанды интеллект жүйелерін бірыңғай жүйеге интеграциялау арқылы техникалық мәселелерді шешуге қабілетті бағдарлама. Ғарыш кемесінің бортында ассистент ретінде қызмет ететін жоба борттағы ақауларды анықтай алады. Жобада ғарыш кеңістігінде планеталарды, астероидтерді және метеориттерді тануға қабілетті жасанды интеллект үлгісі пайдаланылған, сондай-ақ ол магнит өрісінің, температураның және басқа параметрлердің әсерлерін есептейді.

«Байқоңыр ғарыш стансасында ғарыш зымыранының ұшуын өз көзіммен тамашалауға мүмкіндік берген жандарға алғысым шексіз. Менің замандастарымды ғарыш саласының қандай мәселесі алаңдатады, олар қандай зерттеу жүргізуде деген сұрақтарыма жауап алдым. Өз жобамның артықшылығы мен жетілдіру керек тұсын анықтадым. Алдағы уақытта жұмысты жалғастырамын»,  - дейді Эламир.

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Ақылбектің ғылыми жетекшілері -  информатика пәнінің мұғалімі Айсұлу Сүлейменова мен xимия пәнінің мұғалімі Алтынбек Жанаxметов. Ал Эламирді ғылым жолына баулып жүрген ұстаздары - информатика пәнінің мұғалімі  Жамила Хусанова, физика пәнінің мұғалімі Татьяна Акопова.


null 

null 

Жоғары қарай