Ауа райы
Нұр-Сұлтан 1 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 378.90
EUR 422.74
RUB 5.87
CNY 54.80

Оралда жоғалған үш жасар бала екі сағатта анасына қайтарылды

2019 жылдың 22 сәуір 2019 13:25 930

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда үйінен шығып, адасып кеткен үш жасар қыз бала ата-анасымен қауышты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, оқиға 19 сәуір күні болған.

Анасы үш айлық сәбиін ұйықтатып жатқан кезде үш жасар қызы сыртқа ойнауға шығып кеткен. Тұрғын үйдің ауласынан асып, көршілердің бақтарын жағалап жүргенде, бағытынан жаңылып, қайтар жолды таба алмай қалған.

Оны №5 емхана маңайынан тәуліктік кезекшілікте жүрген полиция капитаны Тимур Мамбешов тауып алады. «Үйің қай тұста, ата-анаң қайда?» деген сұрақтарына нақты жауап ала алмаған. Үстінде жеңіл көйлек пен кеудеше, аяғында сүйретпе болған.

Полиция қызметкері қыз баланы Орал қаласының Полиция басқармасына жеткізген. Бұдан кейін ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мәдина Құспанова оны суретке түсіріп, ерікті жастарды тартып, түрлі әлеуметтік желілерге мәліметті жүктеген.

Екі сағаттан соң «102» телефонына хабарласқан әйел қызын жоғалтқанын айтқан. Оны М.Құспанова мен Т.Мамбешов басқармаға шақырды.

Қызымен жылап көріскен анасы тәртіп сақшыларына алғысын айтып, үйіне қайтты. 

 

 

Жоғары қарай