Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 378.87
EUR 422.40
RUB 5.87
CNY 54.85

Оралда төрт елдің ғалымдары Жайық өзенінің мәселелерін талқылады

2018 жылдың 23 шілде 2018 20:20 404

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін Оралда Қазақстан, Австрия, Ресей және Өзбекстан елдері ғалымдарының қатысуымен "Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері. Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер" атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында хабарланды.

Аталған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті депутаттары Шавхат Өтемісов, Сәуле Айтбаева, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕЫҚҰ Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Диана Дигол қатысты.

Дөңгелек үстелді алғы сөзбен ашқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко шараның басты мақсаты - Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурстары және экологиясын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облыс тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту екендігін айтты.

- Екі ел үшін зор маңызға ие ұсынысымызды қолдап, игі бастамаларда қатарымыздан табылатын Юрий Берг бастаған орынборлық делегацияға алғысымыз шексіз. Осы сәтті пайдаланып ресейлік ағайынды халықаралық футбол додасын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізулерімен құттықтаймын. Өзекті мәселеге арналған мұндай басқосудың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы бізді қуантады. Өткен жылғы дәл осындай кездесуде екі шекаралас облыс арасында «Жайық күні» мерекесін атап өту ұсынылып, Орынбор әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, алғаш рет сол облысқа қарасты Елек қаласында тойланған болатын. Биылғы жылы біздің қатарымызға көршілес Атырау облысы да қосылып отыр. Енді бұл мереке үш облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Қарт Жайық біздің ортақ байлығымыз, мақтанышымыз. Оны осы қалпында сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізуде бірлікпен атқарылатын іс. Жайық өзенінің бойында 87 елді мекен орналасса, ол жерлерде өңір халқының 75 пайызы мекен етеді. Облыс аумағындағы өзен-көлдерге құятын судың 80 пайызы көршілес Ресей елінен келеді. Өздеріңізге белгілі 2016 жылы Астана қаласында Қазақ­стан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин "Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақ­тау жөніндегі" мемлекетаралық келісім­шарттың жобасына қол қойған болатын. Бұл да болса 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келген екі ел аралық экспедицияның нәтижесі. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі бұл маңызды келісімді одан әрі іске асырады деген ойдамын. Қазақстан мен Ресей елдері халқын біріктіретін өзенді сақтауға, барлық салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және тату көршілік қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне жетуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізетініне шын жүректен үміттенемін. Бұл кездесу екі жаққа нақты шаралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берері сөзсіз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік "Жайық-Орал" тарихи-мә­де­ни экожорығы биыл 22-мәрте ұйым­дастырылып отыр. Оған әу баста тек оралдықтар қатысса, соңғы 16 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені, Жайықтың жағдайы - оны жағалай жатқан екі облыстың да тұрғындарына ортақ.

- Жайық - жәй өзен ғана емес, үлкен экожүйе. Өзеннің жағдайын жақсарту мақсатында біздердің тарапымыздан да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатта қомақты қаржы да бөлініп, құзырлы мекемелер де жұмылдырылуда. Жайықтың тағдыры - халықтың тағыры екендігін еш естен шығармауымыз керек, - деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.

Дөңгелек үстелде сөз алған ҚР Парламенті депутаты Шавхат Өтемісов қарт Жайықтың жағдайын жан-жақты жақсартуға бағытталған бір қатар ұсыныс-пікірін ортаға салды.

- Жайық өзенінің жағдайы Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасында да жиі талқыланады.  Көптеген жылдар бойына мәселе көтеріп, бүгінде біздің қол жеткен нәтижеміз - мемлекетаралық келісімге қол қойылуы. Бұл бағытта бірқатар шаралар қолға алынып, жұмыстар жасалғанымен белгілі бір жүйе жоқ. Біз Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсартамыз деп 30-шы немесе 50-ші рет экспедиция ұйымдастыра аламыз. Бірақ нақты бағыт пен нәтиже болмаса жағдай өзгермейді. Менің ойымша, Жайықты жағалай орналасқан облыстар ортақ инвестициялық қор құру керек. Сонымен қатар тікелей осы мәселемен айналысатын құзырлы орган жасақталуы тиіс. Жайықтың бойын түбегейлі тазартып, жағдайын жақсартудың бірден-бір жолы ол судың мол көлемде келуі. Өкінішке орай соңғы жылдары жоғардан келетін судың қарқыны өте шамалы. Сондықтан Жайыққа судың мол қоры түсуі үшін жоғардан жасанды су қоймалары жасақталса екен дейміз. Бұл әрине көп қаржыны, күшті талап етері сөзсіз. Сондай-ақ өзен бойын тазартуға, тереңдетуге бизнес өкілдерін тарту қажет. Осы шараларды қолға алғанда ғана қарт Жайықтың жағдайын жақсартамыз, - деді Шавхат Өтемісов.

Сонымен қатар, Жайық өзенінің жағалауында  шараға қатысушылар ескерткіш-белгі ашылу рәсіміне қатысты. Орынбор, Батыс Қазақстан облысының спортшы- туристері, ғалымдары мен шараға қатысушылар байдарка қайығымен 400 шақырымнан асатын су жолынан өтеді.

 

 

Жоғары қарай