Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Оралда қызды тұншықтырып өлтірген тұрғын ұзақ мерзімге сотталды

2019 жылдың 3 сәуір 2019 21:59

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қызды тұншықтырып өлтірген А.Бесштанов ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттан түскен мәліметке қарағанда, оқиға өткен жылы 29 қазанда болған.

Сағат 19.00 шамасында Жаңақала көшесі 2/2-үйде арақ ішу барысында А.Бесштанов интимдік қызмет көрсететін А.Ақболатовамен сөзге келген. Талас А.Ақболатованың бірге өткізген уақыты үшін ақша талап етуінен туындаған.

А.Бесштанов А.Ақболатованың бетінен ұрып, еденге құлатқан. Одан кейін сол аяғының тізесімен қыздың мойнынан басып, сонымен бірге қолымен ауыз-мұрнын жауып, төрт минут бойы ұстап тұрған. Соның салдарынан А.Ақболатова оқиға орнында қаза тапқан.

Сосын сотталушы қыздың киімін шешіп, аулаға апарып, өртеп жіберген. Мүрдесін жаймаға орап, әжетханаға тастаған.

Сот А.Бесштановты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіру) айыпты деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айырды. ҚР ҚК 60-бабы негізінде 2016 жылғы 30 қыркүйектегі сот үкімі бойынша 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы қосылды.

Сөйтіп ол түпкілікті 13 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сотталушы мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емделетін болды. Александр Бесштанов оған қоса қыздың анасына 3,5 млн теңге моральдық және 415 мың теңге материалдық шығынды өтейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жоғары қарай