Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Оралда есірткі сатушыны босатып жіберген полиция қызметкерлері сотталды

2019 жылдың 10 сәуір 2019 23:20

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда есірткі сатушыны босатып жіберген полиция қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, 2017 жылдың мамырында Бағдат Аққұлов ірі көлемдегі кептірілген марихуананы заңсыз иемденген.

Содан кейін өткізу мақсатында есірткіні анасының пәтерінде сақтаған.

Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жасырын тергеу амалдары барысында сатып алушы есебінде Б.Аққұловтан есірткі сатып алған. Алайда полиция қызметкерлері өзара келісіп, жалған құжаттар жасау жолымен Б.Аққұловтың мүддесіне қызмет етіп, оны есірткі сатуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберген.

Орал қалалық сотының 10 сәуірдегі үкімімен істі жүргізген тергеуші Ербол Есекенов ҚР ҚК 413-бабы, 416-бабы 6-бөлігі және 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Ол сондай-ақ 4 жылға жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан және полиция капитаны шенінен айырылды.

Жедел уәкіл Зайдолла Құбашев пен Орал қалалық ішкі істер басқармасында есірткі бизнесімен күрес бөлімінің бастығы болған Мақсат Сейілев айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Бұл екеуі 4 жылға жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан және полиция майоры шенінен айырылды.

Б.Аққұлов ҚР ҚК 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Жаза мерзіміне оның өткен жылғы 30 шілдеден 14 қыркүйекке дейін қамақта болған мерзімі енгізілді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да киік мүйіздерін әкетіп бара жатқан екі адамның ұсталғанын жазған болатынбыз.

Жоғары қарай