Ауа райы
Нұр-Сұлтан 23 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Оралда есірткі сатты деп айыпталған тұрғын ақталып шықты

2019 жылдың 8 сәуір 2019 21:50 815

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда есірткі сатты деп айыпталған тұрғын ақталып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚР ҚК 297-бабы 1-бөлігіне байланысты сотталған К-ға қатысты іске нүкте қойды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда,  бірінші сатыдағы соттың үкімімен К. кептірілген марихуананы заңсыз өткізді деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталған болатын.

Сотталушы мен оның қорғаушысы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Іс материалдарына қарағанда, К. жасырын тергеу амалдары (бақыланатын сатып алу) барысында салмағы 3,64 грамм кептірілген марихуананы полиция қызметкерлері тартқан бүркеншек есімді С-ға 4 мың теңгеге сатқан.

Алайда апелляциялық сатыдағы зерттеу бұл дерек бойынша жедел қызметтер тарапынан арандату орын алғанын көрсетті.

Атап айтқанда, С. сотталушыға бір күннің ішінде бес рет телефон шалып, одан  бірнеше мәрте табанды түрде есірткі сатуды сұраған.

К. істі бірінші сатыда қарау барысында да, апелляциялық алқа отырысында да есірткіні жеке өзінің пайдалануы үшін сақтағанын, оны сататын ниеті болмағанын мәлімдеді. Тек куәнің бірнеше рет телефон шалып, табанды түрде сұрауынан, яғни оның тікелей әсер етуі салдарынан сатқанын айтты.

К-ның полиция қызметкерлерінің араласуынсыз есірткі сатқанын немесе басқалай әрекет жасағанын растайтын дәлелдемелер жоқ.  Іс материалдарында К-ның есірткі сатуға қатысы барлығын айқындайтын қажетті негіздер жоқ.

Апелляциялық сот алқасы іс материалдарын толық зерттеп, тараптардың уәждерін тыңдай келе, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертті. К-ның әрекеттері ҚК 296-бабы 2-бөлігіне қайта дәрежеленіп, ол есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл құқықбұзушылық ҚК 10-бабының талаптарына сай қылмыстық теріс қылық болып табылатындықтан, оған 160 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза белгіленді.

К-ның 8 айға жуық қамақта болғаны ескеріліп, аталған жаза өтелген деп есептеліп, ол сот залында босатылды.

Бірінші сатыдағы сот үкімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Осылайша облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы К-ның бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын командирін атып өлтірген полиция қызметкеріне қатысты сот үкімінің шыққанын жазған болатынбыз.

 

 

Жоғары қарай