Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Өмірзақ Шөкеев түркістандық ұстаздарды мерекемен құттықтады

2019 жылдың 4 қазан 2019 21:43

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға өңірдің білім беру саласының 400-ден астам өкілі қатысты. Ұрпақ тәрбиелеуде талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың төл мерекесіне арналған «Мерекелеріңізбен, ұлағатты ұстаздар!» атты шараның шымылдығы «Абай өсиеті» театрлық көрінісімен ашылды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев педагогтарға өз алғысын білдіріп, мерекелерімен құттықтады. Аймақ басшысы өзінің тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен мектеп мұғалімдерін еске алып, оларға деген жылы лебізін білдірді.




Елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала майталмандары Түркістан облысы әкімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстаздарға деген халқымыздың құрметі қашанда ерекше. Жиында Жастар жылына орай өткен «Үздік жас мұғалім-2019» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды.




«Алдағы уақытта облыста «Дарын» мектептерін көбейтеміз. Қараша айында «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы, 2020 жылы «Оқушылар сарайы» ашылады. Заманауи білім ошақтары бой көтеріп, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға барлық жағдай жасалады. Мұғалім біліктілігін арттыруды дамыта түсеміз. Біздің өңірден мақтанышпен айта алатын талай мықты маман шығып жатыр. Осы үрдісті жалғастырып, дамытып, күш салуымыз керек», - деді Өмірзақ Шөкеев.




Түркістан облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде өңірде 60 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Былтырғы жылы өңіріміздің 150-ге жуық оқушысы халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болды. Жақында ғана «Үздік педагог-2019» республикалық байқауына өңірімізден 9 ұстаз қатысып, үшеуі білім сайысының озығы атанды. Елімізде ұстаздар қауымының төл мерекесі қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Салтанатты рәсім әрі қарай ән-күймен, би шашуларымен және театрланған қойылымдармен жалғасты.



















Жоғары қарай