Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Өмірзақ Шөкеев Арыста құрылысты тұрғын үй иелерінің өтініштеріне сай жүргізуді тапсырды

2019 жылдың 11 қыркүйек 2019 09:05

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Арыс қаласында қаланы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша аппараттық жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуға еліміздің барлық облыстарынан келген Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына жауапты өкілдері, Түркістан облыстық басқарма басшылары мен аудандық әкімдік мамандары қатысты.

Жиында Арыс қаласындағы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмектің жай-күйі талқыланды. Облыс басшысы барлық құрылыс нысандарының дер кезінде аяқталуын тапсырып, құрылыс сапасына баса назар аудару керектігін қадап айтты.

Басқосуда сөз алған құрылысшылар жұмысқа кедергі келтіріп жатқан бірқатар мәселелерді сөз етті.

Олардың айтуларынша, Арыстағы бірнеше үй иелері сараптау қорытындысымен келіспей отыр. Тұрғындар үйлерін күрделі жөндеудің орнына түгел сүріп тастауды талап етуде. Мұндай азаматтарға алдын ала ескертулер жасалған. Сондай- ақ, құжаттарды заңдастыруға қатысты кей қиыншылықтар да белгілеген мерзімнен кешігуге сеп болуда деді сектор жауаптылары.

Мәселеге қаныққан Өмірзақ Естайұлы барлық сектор жауаптыларына құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімін белгіленген кестеден кешіктірмеуді және орын алған кемшіліктерді жеке - жеке қарап, тұрғын үй иелерінің өтініштерін ескере отырып шешуді тапсырды. Жиында Түркістан облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстары жайында баяндама жасады.

«Жалпы Арыс қаласында 8637 тұрғын үй нысаны орналасқан. Оның ішінде: Жеке тұрғын үй - 8534; Көп қабатты тұрғын үйлер - 103. Жөндеуді қажет ететіні – 7 164 нысан. Қалпына келтіруге жатпайтын - 470 нысанды құрайды. Ағымдағы жылдың 6 қыркүйектегі жағдайға 7149 – тұрғын және көпқабатты үйлерде құрылыс жұмыстары аяқталып, оның ішінде 189 құрылыстары ішкі әрлеусіз аяқталған. Ал, қалған 15 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 10 нысан бойынша меншік иелерінің келіспеуінен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Қалпына келтіру жұмыстарына: 144 – құрылыс компаниялары, 4 248 – жұмысшылар, 215 – арнайы техникалар тартылды», - деді ол.

Арыс қаласы бойынша автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу 13 аймақта жоспарланған. Бүгінде жалпы 62 көшенің 37 көшесі аяқталды. Қалған 25 көшесінде жұмыстар жүргізілуде. 16 көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал 6 көшеде жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Жоғарыда аталған көшелер қыркүйек айында толық аяқталатын болады.

Жалпы бүгінгі күнге Арыс қаласында 543 коммерциялық нысан бар. Оның ішінде 509 нысанға залал келтірілген, ал 12 нысан толығымен жойылған. Арыс қаласында жалпы 68 әлеуметтік нысан жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде 4 жаңа құрылыс, 64 қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Білім беру нысандары – 53, денсаулық сақтау – 8, спорт нысандары – 4, қоғамдық орындар – 3, Ағымдағы жылдың 6 қыркүйектегі жағдайға 62 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған 6 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жиыннан соң Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап шығып, жергілікті тұрғындармен кездесті.


Жоғары қарай