Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 341.08
EUR 394.46
RUB 5.37
CNY 52.71

Өмірқұл Айниязов: Консерваторияны 3 мың теңгелік домбырамен бітіргенмін

2018 жылдың 14 маусым 2018 16:09 1052

  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Танымал әнші Өмірқұл Айниязов консерваторияда оқып жүрген кезіндегі домбырасын көк базардан 3 мың теңгеге сатып алған екен. Бұл туралы әншінің өзі ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Кішкентай кезінен қолына домбыра алған әнші ең алғаш Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім сөйлеші» термесін былдырлап айта бастаған екен. Әнші жасынан домбыраны дыңғырлатып өскендігін есіне алды.

«Мен ата-әжемнің қолында өстім. Сол шаңырақта Өтепберген деген ағам жыр-термені жақсы білетін. Кішкентай кезімде сол кісі мені тізесіне қойып өлең айтатын. Бірінші сыныпқа барғанда ең алғаш Нұртуғанның термесі «Қанекей, тілім сөйлешіні» тарттым. Бала кезімде жаттаған Базар жырау, Тұрмағамбеттің термелері әлі күнге дейін санамнан өшкен емес», - деді Өмірқұл Айниязов.


null 

Баланың өнерге бейімдігін байқаған ата-анасы жеткіншекті музыка мектебіне қосымша сабаққа береді.

«Музыка мектебіне 4 сыныптан бастап қатыстым. Ол жерде мен баян сыныбында оқыдым. Қосымша термеге машықтандым. Кейін музыка колледжіне күй бөліміне түстім. Әрі қарай білімімді дәстүрлі әнмен жалғастырдым», - деді әнші.

Болашақ әнші музыка колледжінде оқып жүргенде жатақханада домбырасын ұрлатып алып, консерваторияға аспапсыз келеді.

«Ол кезде ақшаның тапшы кезі. Арнайы тапсырыспен домбыра жасатуға жағдай жетпейді. Содан көк базардан барып 3 мың теңгеге домбыра сатып алдым. Сол домбыраммен консерваторияны тәмамдадым. Бағасы арзан болса да , қадірі бөлек қара домбырамды көзімнің қарашығындай етіп сақтап жүрмін. Шығармашылыққа келгеннен кейін арнайы тапсырыспен екі домбыра жасаттым. Қазір осы үш домбырамен өнер көрсетіп жүрмін», - деді ол.


null 

Өз баласына кішкентайынан домбыра үйреткен әншіні бүгінгі жастардың қолына домбыра ұстай алмайтыны қынжылтады.

«Баламды кішкентайынан домбыраға бердім. Бүгінде ән айтып жүрген жастардың ішінде қолына домбыра ұстай білмейтіндері бар. Қазақтың баласы болғаннан кейін, оның үстіне ән айтып жүрген соң үстел басында бір-екі шығарма шертуге жарағаны жақсы ғой...» - деп әңгімесін аяқтады әнші.

Автор: Арайлым Жолдасбай
Басты сөздер: Домбыра, Өнер, Алматы,
Жоғары қарай