Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Ол күн де алыс емес - Садриддин Ахмедов әйгілі боксшылармен кездесу жайлы

2019 жылдың 18 наурыз 2019 17:38

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов өз салмағындағы әйгілі боксшылармен кездесу ықтималдылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр боксшының бір кумирі бар. Бірақ, бокс жолында менің нақты кумирім жоқ. Себебі, Головкин, Канело, Тайсон немесе Мұхамед Әли секілді әйгілі спортшылардың әрқайсысының бір жақсы қабілетін алғым келеді. Қайда жүрсем де, «Садриддин Қазақстаннан екен» деп айтып жүрсе, мен үшін - ол үлкен қуаныш. Кумир ретінде біреуді қабылдамаймын. Әр боксшыдан бір қасиетін, мысалы Канелоның қорғанысын, Головкиннің қысым көрсету қабілетін алып, Майк Тайсоннан да бойымыз аласа болғасын бір қарымын игерсем деймін. Нақты бір боксшы маған ұнайды, сол секілді жұдырықтасамын деп айта алмаймын», - деді Садриддин Ахмедов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін ҚазАқпарат тілшісі боксшының жоспары туралы сұрап көрді.

««Eye of the Tiger Management» промоутерлік компаниясымен жұмыс істеп жатқанымызға 1 жыл болады. Келісімшарт бес жылға созылған. Құдай қаласа, үлкен жекпе-жектерге менің, промоутерімнің және бапкерімнің келісуі бойынша шығамыз. Сол себепті, бәрі ойда. Бәрі өз уақытымен іске асады», - дейді Садриддин Ахмедов.

Боксшының айтуынша, промоутерлік компания атақты боксшылармен айқас жайлы ұсыныс білдірмеген.

«Біз әрқашан дайынбыз. Белгілі бір кезеңнен өту керек. Бәрі өз уақытымен. Қай промоутермен шықсам да, қазақ елінің атынан шығатыным анық. 69,85 келілік өз салмағымда дәл қазір мықты спортшылар көп. Олардың қатарына Джарретт Хёрд, Джермелл Чарло, Лара секілді мықты боксшылар бар. Қай-қайсысымен болса да, бір күні шығатыным белгілі. Ол күн де ұзақ емес. Құдай қаласа, ол күнге де жетеміз деген ойдамын», - деді боксшы.

Еске сала кетсек, бұған дейін 24 наурыз күні «Алматы Арена» кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтетінін жазған едік. Оған Қазақстан, Ресей, Африка елдері, Венесуэла, Өзбекстан, Беларусь, Грузия және басқа да мемлекеттердің боксшылары қатысатыны жоспарланған.

Алматыдағы бокс кешінде Ахмедов пен 25 жастағы Индонезия өкілі Джон Руба (17-5-1, 9КО) арасында бірінші орта салмақтағы WBC Asia титулы үшін айқас өтеді. Жекпе-жек 10 раундқа есептелген.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Бокс, Спорт,
Жоғары қарай