Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 342.49
EUR 400.85
RUB 5.51
CNY 51.33

ОҚО: Тәуелсіздік күні қарсаңында 480 отбасы баспаналы болды

2017 жылдың 12 желтоқсан 2017 18:45 1150

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту ретінде 5 қабатты 8 тұрғын үй  пайдалануға  тапсырылды. Көп қабатты тұрғын үйдегі  пәтердің кілті «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша төлебилік 480 отбасыға берілді.

Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жаңа қоныс Төле би ауданы Ленгір қаласының 1-мөлтек ауданында бой көтерген.

Салтанатты шараға облыс басшысы Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов  бастаған халық қалаулылары қатысты.

Тұрғындарды арнайы мерекемен құттықтай келген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев пәтер кілттерін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери және бюджеттік мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға салтанатты түрде табыс етті.

«Біздің басты міндетіміз - халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, сапалы қызмет көрсету. Облыс, аудан орталықтарында, елді мекендерде тұрғын үйлер салынып жатыр. Соның бір дәлелі - бүгін Сіздердің аудандарыңыздағы 8 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 480 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, қуанышқа бөленіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық елді мекендерде Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және жергілікті, облыстық бюджет есептерінен жалғасын таба бермек», - деді әкім.

Төле би ауданы тұрғын үйлердің құрылысына 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен 2 млрд. 735 млн. 406 мың 084 теңге қаралып, бүгінде толығымен игеріліп отыр. Нәтижесінде 29 264 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Қазіргі таңда коммуналдық тұрғын үй кезегінде ауданда жалпы 2961 адам кезекке тіркелген. Олардың ішінде 1676 адам халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы, 345 азамат жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тізімінде болса, 940-ы мемлекеттік пен бюджеттік қызметкерлер тізімінде тұр.

 

 

Басты сөздер: Тұрғын үй, Түркістан облысы,
Жоғары қарай