Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 341.08
EUR 394.46
RUB 5.37
CNY 52.71

ОҚО-да ауыл шаруашылығы ғалымдарының қатысуымен алқалы жиын өтті

2018 жылдың 14 маусым 2018 15:46 375

 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы ғалымдарының қатысуымен алқалы жиын болып өтті.  Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының 2017-2021 жылдарға арналған даму жоспарының  жайы талқыланды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында Қазақстанның аграрлық секторын - экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Жолдауға сәйкес, алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты кем дегенде 2,5 есе артуы тиіс болатын. Осыған орай ұйымдастырылған жиында облыс әкімі ауыл шаруашылығы өндірісіндегі өңірдің еліміз бойынша алатын үлесіне тоқталып, сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.



null  «Жалпы республикалық ауыл шаруашылығы өндірісінде облысымыздың үлесі мақтадан - 100 пайыз, бақша өнімдерінен - 66 пайыз, жүзімнен -  65 пайыз, мақсарыдан - 40 пайыз, жеміс-жидектен - 31 пайыз, көкөністен - 24 пайыз көлемінде. Бұл көрсеткішті одан ары арттыру үшін қарқынды технологиялар мен инновациялық жетістіктерді кеңінен өндіріске енгізу қажет. Сондықтан ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай өнім өндіруге ұмтылған жөн. Алдағы уақытта шаруалар озық ылғал үнемдеу технологияларын пайдаланып, түсімділігі жоғары, жаңа сортты дақылдар егіп, қарқынды бау, жаңғақ, жүзім мен жеміс-жидек алқаптарын ұлғайту керек. Сондай-ақ, тек шикізат күйінде экспорттамай, өнімді қайта өңдеу арқылы түрлі өнім түрінде шығарғанымыз дұрыс», - деді Жансейіт Түймебаев.



nullБұдан өзге, жиында «Ж. Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ҒЗИ» ЖШС-ң Бас директоры, академик Абай Сағитов саладағы өнімділікті арттырудағы жаңа ғылыми жетістіктерге тоқталып өтті. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков аталған саланың аймақтағы  әлеуеті жайында баяндама жасады. Сондай-ақ, аудан әкімдері мен шаруашылық басшылары бұл салада өнімділікті арттырудағы қажеттіліктерін жеткізді.



nullСонымен қатар, басқосуда өңірдегі мал шаруашылығы саласын көркейту жайы сөз болды. Атап айтқанда, "Ақылды жайылым" алқаптарын көбейту, ауыл, елді мекендердегі ортақ мал жайылым қорын тиімді пайдалану, өсімдік қалдықтарын мал азықтыққа жарамды ету жолдарын қарастыру, өнімділігі жоғары асыл тұқымды малдарды пайдалану сынды ұсыныстар айтылды.

 

 

Жоғары қарай