Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 363.22
EUR 413.42
RUB 5.35
CNY 52.78

Нұрсұлтан Назарбаев таратпау саласындағы сенімді нығайтудың бірқатар шарасын ұсынды

2018 жылдың 18 қаңтар 2018 23:42 1441

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет. Бұл туралы бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» тақырыбындағы отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында Қазақстан Президенті таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар шара ұсынды.

«Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. ҚХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы екіншіден, жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керектігін баса айтты.

«Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жекелеген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшіншіден, Елбасы жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты екендігін атап өтті.

«Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем, XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Төртіншіден, Қазақстан Президенті халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керектігін атап өтті.

«Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ», - деді Елбасы.

 

 

Жоғары қарай