Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 319.88
EUR 394.41
RUB 5.65
CNY 50.42

Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте АҚШ-тың ірі компаниялар басшыларымен кездесті

2018 жылдың 18 қаңтар 2018 09:00 830

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі  

Кездесу барысында Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты.

«Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі шешімдеріңізді қолдаймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қатысушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының бұл шешімі оның серіктестері мен басқа да шетелдік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты дамытуға жетелейтінін атап өтті.

А.Фридман Қазақстанның халықаралық қаржы орталығын құру жолында атқарған жұмыстарынан алған әсері жөнінде айтты.

«Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұмысына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстың тыңғылықты атқарылғанына ризамыз», - деді «Nasdaq» компаниясының басшысы.

Сонымен қатар, А.Фридман «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастастықты бастауға және Қазақстан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қамтамасыз етуге әзір екенін айтты.

Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев А.Фридманды биылғы шілде айында болатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысуға шақырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Goldman Sachs» компаниясының президенті Харви Шварцпен жүздесті.



Кездесуде тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Goldman Sachs» компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

«Бүгінде барлық құқықтық жағдай жасалды. Ағылшын құқығы базасындағы сот құрылды. Қатысушылар үшін қажетті барлық жеңілдіктер қарастырылды, соның ішінде виза және салық жеңілдіктері де бар», - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті «ExxonMobil» компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті.



Мемлекет басшысы Қазақстан мен «ExxonMobil» компаниясы арасында мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті.

Қазақстан Президенті бұл компанияның Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарын игеруге арналған жобаларға атсалысып отырғанын айтты.

Д.Вудс Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басталуымен және АҚШ Президенті Д.Трамппен өткен келіссөздердің табысты болуымен құттықтады.

 

 

 

Жоғары қарай