Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Нұрсұлтан Назарбаев: Еуразияның ынтымақтастығы әлемдік жүйені бекемдей алады

2018 жылдың 17 қазан 2018 12:20

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа мен Азияның 51 мемлекетінің басшылары мен үкімет басшылары бас қосатын Брюссельдегі «Азия-Еуропа» ХІІ саммитіне екі күн қалғанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар ауқымды мәселелерге қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі EURACTIV-ке сілтеме жасап.

- Қазақстанның еуропалық елдермен ынтымақтастық орнатқалы бері 20 жылдан астам уақыт өтті. 2015 жылы Қазақстан мен ЕО арасында жаңа кеңейтілген келісімге қол қойылған еді. Осыған байланысты Қазақстан мен Еуропалық Одақтың одан бергі әріптестігін қалай сипаттап берер едіңіз?

- Еуропалық Одақпен тереңдетілген және кеңейтілген әріптестік орнату - Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық басымдығы. Мұндай қарым-қатынас өзара мүдде мен ортақ құндылықтарға негізделе отырып, бірлескен күш-жігерді талап ететін сын-тегеуріндерді де есепке алады.

Брюссельге менің осы жолғы сапарымның Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің айрықша мәні бар. Ширек ғасырдың ішінде серіктестік байланыстың динамикалық дамуына берік негізді қалыптастыра алдық. Міне, осының арқасында Еуропалық Одақ қазіргі таңда Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болып отыр.

Тек осы жылдың алғашқы жеті айында ЕО-мен тауар айналымы 18 млрд еуроға жетті. Бұл көрсеткіш бүкіл былтырғы жылдың көрсеткішіне - 20 млрд еуроға жақын.

2015 жылы біз басымдыққа ие 29 сала бойынша, атап айтқанда, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымның дамуы, сонымен қатар инновация, мәдениет, спорт және туризм салаларында кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа Келісімге келдік. Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемдік саясат пен экономикаға интеграциялану, біздің еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды салаларындағы кең ауқымды реформаларын жүргізу бағытындағы бағдарын айқын қолдайды.

Қазақстан мен Еуропалық Одақтың ынтымақтастығы шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолының экономикалық белдеуі мен Еуропалық одақты «Алып Еуразия» атты бірыңғай интеграциялық жобаға біріктіру туралы менің бастамам жеке назар аударуға тұрарлық деп айтар едім.

Осы секілді синергияның экономикалық табысына күмән келтіруге келмейді. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында тұрғызылған жаңа қазақстандық құрлықтық трансконтинентальды дәліздің есебінен Азия-Тынық мұхиты аймағынан Еуропаға жүк тасымалын жеткізу мерзімін екі аптаға қысқартуға қол жеткізілді. Осы жаңа мүмкіндіктер бүкіл Еуразия құрлығының дамуына жол ашады. Міне, бүгінгі таңда «Алып Еуразия» идеясының айналасына еуропалық әріптестерді біріктіру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Сонымен қатар, ЕО мен ЕАЭО арасындағы диалогты жолға қою процесі теориялық тұрғыда экономикалық қырларды ғана емес, қауіпсіздік саласын да қамтуы тиіс. Осыған байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аясында бірыңғай еуроазиялық қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыру жұмысы да орынды болар еді. ЕО мен ЕҚЫҰ-ның бірлескен іс-әрекеті экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің ортақ платформасын құруға бағытталар еді.

Міне, сол себепті әлемдік экономиканың бәріне ортақ болжап болмайтын қырының өсіп келе жатқанын ескерсек, біздің ары қарай қарым-қатынасымызды күшейту мәселесі өзекті бола түседі. Ең бастысы, біздің ынтымақтастық саяси қарбаластықты әлсіретуші маңызды фаткор бола отырып, Еуразияның экономикалық прогресінің қозғаушы күшіне айнала алар еді.

- Қазақстан осы жылы үшінші мәрте «Азия-Еуропа» форумының жұмысына қатысады. АСЕМ саммитінде Сіздің ұстанымыңыз қандай болады?

- Географиялық тұрғыда біздің мемлекет Азияда да, Еуропада да орналасқан. Сондықтан, Қазақстан еуразиялық құрлық мемлекеттерінің өзара байланысын нығайтудағы АСЕМ тұжырымдамасын жүзеге асыруға аса мүдделі.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еуропа мен Азияның көптарапты өзара қарым-қатынасы туралы мәселелерді көтереді. Пайымдауымша, АСЕМ аясында Азиялық және еуропалық аймақтық ұйымдардың форумын өткізетін уақыт келген секілді. Олардың арасындағы серіктестік АСЕМ-ге қатысушы-елдердің арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуде сәтті сүйеніш боларына сенімдімін.

Біз сонымен қатар ЕҚЫҰ мен АӨСШК-ның бірлескен іс-шараларын өткізуге шақырамыз. Бұл ретте Еуропа мен Азия елдерінің мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынаста сенім мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді. Ол сенімді бекемдеудің маңызды құралдарының бірі - қазіргі мәселелерді шешіп, болуы ықтимал жаңа қақтығыстар мен дағдарыстардың алдын алуға күш салу.

Қазақстан АСЕМ-нің «Еуропа барлығы үшін», «Азия барлығы үшін» секілді қағидаттарын жүзеге асыруда өз көмегін тигізе алады. Нақтырақ айтқанда, біздің мемлекет Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік-көліктік көпір рөлін атқарумен қатар өзінің аумағын Азиядағы еуропалық бизнесті, инвестицияны, технологияны, ғылым мен мәдениетті дамытуда хаб ретінде ұсына алады. Бүгінгі таңда осындай хабтың институционалды платформасы қалыптасып та қойды. Оның компоненттері ретінде мәселен, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын, Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын, Халықаралық «Астана Хаб» IT-стартаптардың технопаркін, Назарбаев Университетін, бірқатар мәдени мекемелерді, соның ішінде «Астана Опера», «Астана Балетті» атап өтуге болады.

Өз кезегінде біздің елде жұмыс істеп тұрған бірегей орган - құрамында этномәдени бірлестіктер, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан еуропалық және азиялық ұлттардың диаспоралары бар Қазақстан халқы Ассамблеясы АСЕМ-нің «People to people» бастамасын жүзеге асыруда өз үлесін айқын қоса алады.

- Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Осы төрағалық аясында биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстанның сыртқы саяси күн тәртібі қандай болды? Өз миссиясы аяқталғанға дейін Сіздің мемлекетіңіз тағы қандай шараларды өткізуді жоспарлап отыр?

- Ең алдымен, Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жұмысы «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты менің Саяси үндеуімде белгіленген жеті басымдық арқылы іске асырылғанын айта кету керек.

1. Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу.

2. Жаһандық және аймақтық деңгейде әскери текетірес дәрежесін төмендету арқылы жаһандық соғыстың қаупін толық жою және оның алдын алу

3. Орталық Азияда бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің, ынтымақтастық пен дамудың аймақтық моделін құру

4. Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылыққа бейім экстремизммен күрес

5. Африка құрлығында ұлттық достастықты орнатып, бейбітшілікті қалпына келтіруге күш салу.

6. Соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу, адамдардың құқығын қорғау, мығым дамудың Мақсаттарын іске асыру, климаттың өзгеріске ұшырауымен күрес жүргізу бойынша бірлескен шаралар

7. XXI ғасырда адамзатқа төнген барлық тегеуріндер мен қауіптерге Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ жүйесін бейімдеу және әлемдік істерде Бүкіләлемдік Ұйымның рөлін арттыру

Аталмыш үндеу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде қабылданды.

Өзінің жұмысы аясында 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан тұңғшы рет өз тарихында әлемнің басты жаһандық органында төрағалық етті. Біздің төрағалық әлемдік саяси процестердегі қауырттылықтың жалғасуы жағдайында жүріп жатты.

Қиындықтарға қарамастан Қазақстан осынау жауапты миссияны абыроймен атқарып, төрағалықтың негізгі мақсаттарына қол жеткізді. Менің АҚШ-қа сапарым барысында осы жылдың 18 қаңтарында мен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары дәрежелі тақырыптық брифингке қатыстым. Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты - сенім шараларын нығайту призмасы арқылы қарулардың таратпау саласындағы негізгі мәселелердің шешімін табу болды. Сонымен қатар, Нью-Йоркте Шиеленістердің алдын алу стратегиясына арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының Мәлімдемесі қабылданды. Бұл Қауіпсіздік Кеңесінің Қазақстанның көшбасшылығы кезінде әзірленіп, қабылданған бірінші саяси міндеттейтін халықаралық құжаты.

Біздің ел бұрыннан айтылып келе жатқан сақтандыруды күшейту, делдалдық, бітімгерлік, постқақтығысты әлем құру мен есеп беру шараларын бекемдеу секілді ескертпелермен бірге жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға қатысты талаптарды енгізе білді.

Қазіргі таңда халықаралық терроризм жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің өткір әрі басты сын-тегеуріндерінің бірі болып қалып отыр.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында БҰҰ аясында мемлекеттердің жаһандық контртеррористік коалициясын бекіту туралы идеяны айтқан едім. Бұл коалицияны құру үшін негіз ретінде Қазақстан терроризмнен азат, бейбітшілікке жету бойынша Тәртіп кодексін даярлауды ұсынды. 2018 жылдың 28 қыркүйегінде БҰҰ БА 73-сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 70-ке тарта мүше-мемлекеті біздің бастамаға қолдау білдіріп, Кодекске қосылғанын ерекше атап өткім келеді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өзінің мүшелігі аяқталғанға дейін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мақсатында Қазақстан белсенді түрде жұмыс жүргізіп, күн тәртібінің барлық пункті бойынша өз үлесін қосатын болады.

Бүгінгі таңда біздің мемлекет Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан,/Талибан, ИМ/ДАИШ/Әл-Каида мен Сомали/Эритрея бойынша комитеттерінде төрағалық етуін жалғастырып келеді.

Жалпы, Қазақстанның төрағалығы біздің сыртқы саясаттың ашықтығы мен сындарлығын, ұлттық мүддеге зиян келтірмей ымыраға қол жеткізуге болатынын танытты деп есептеймін. Біз Қауіпсіздік Кеңесінде жинақы әрі транспарентті жұмыс жүргізе отырып, біздің дипломатияның келісімге бірегей ептілігін паш етіп, Қазақстанның жауапты серіктес әрі әділ медиатор екенін дәлелдей алдық.

- Қазіргі уақытта Орталық Азияда интеграциялық процестердің дамуы бағытында нақты тенденциялар байқала бастады. Нақты осы аймақ - бейбітшілік, ынтымақтастық және қауіпсіздік аймағына айналып келеді. Аталмыш мәселеде Қазақстан қандай табыстарға қол жеткізді? Сіздің еліңіздің алдында қандай сын-тегеуріндер тұр деп ойлайсыз?

- Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекеттермен қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударып отыр. Біз белсенді түрде аймақтағы елдердің жақындасуына және өзара тиімді ынтымақтастықтың бекем бола түсуіне атсалысып келеміз.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан мақсатты түрде Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүддесі үшін жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, терроризм және экстремизммен, есірткі және ұйымдасқан қылмыспен күрес, сонымен қатар шекаралардың қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияға қарсы жұмылу секілді мәселелерді назарға алып отырмыз.

Мемлекетаралық және аймақаралық байланыстардың соңғы екі жылда жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтуге болады. Қарым-қатынасты жаңаша жолға қоюда айтарлықтай серпіліс бар. Мәселен, Астанада осы жылдың наурыз айында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің Консультативтік кездесуінде бесжақты ынтымақтастықтың базалық басымдықтары айқындалып, болашаққа деген жоспарлар бекітілді.

Сонымен бірге бұл ретте қандай да бір «блоктық ментальдылықтың» жоқ екеніне ерекше назар аудартқым келеді. Бейбітшілік пен гүлдену осы аймақтың елдеріне ғана емес, аймақтан тыс ірі мемлекеттерге де пайдалы. Осыған байланысты біз орталықазиялық әріптестермен бірге Ресей, ҚХР және ЕО-мен байланысты ары қарай нығайту қажеттілігін атап өттік.

Қазақстан барлық спектр бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің өзара тиімді ынтымақтастығының нығаюуын қолдайды. Тарқата айтқанда, сауда-экономикалық, көліктік-коммуникациялық, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара серіктестікті кеңейтуге және дамытуға ден қойып отырмыз. Біздің мемлекеттердің арасында тиісті келісімдер мен шарттарға сәйкес ынтымақтастықтың стратегиялық деңгейі қалыптасып қалған. Сонымен бірге екіжақты қарым-қатынастың қозғаушы күші ретінде әлбетте сауда-экономикалық серіктестік алға шығады.

Жалпы, Орталық Азия - бірегей мүмкіндіктер мен үлкен, алайда игерілмеген, әлеуеттің аймағы. Оның қарқынды дамуын, тұрақтылығы мен гүлденуін қамтамасыз ету - біздің ортақ әрі қолжетімді міндетіміз.

- Жылдар бойы әлемдік қауымдастық назары Ауғанстандағы қақтығыстарға ауып отыр. Аталмыш елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстан қандай үлес қоса алады? Аймақтағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізу үшін қандай шаралар қабылданады?

- Сөзсіз, Ауғанстандағы тұрақсыздық, терроризм, экстремизм мен есірткі тасымалының қаупі көршілес болғандықтан, Қазақстанға да қатысты болатыны анық.

Біздің мемлекет бірнеше жыл бойы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша әлемдік қауымдастықтың іс-қимылына барынша өз үлесін қосып, жыл сайын қаржылық, техникалық және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Нақтырақ айтқанда, Ауғанстандағы адами ресурстардың дамуына ерекше маңыз бере отырып, біз жалпы құны 50 миллион АҚШ доллары болатын сомаға Қазақстандағы ЖОО-ларда мыңға тарта ауған студентіне арналған оқу бағдарламасын іске асырдық.

Сонымен бірге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ауғанстан/Талибан бойынша комитет төрағасы бола отырып, біз бейбітшілік, қауіпсіздік және Ауғанстанның дамуына аса маңыз беретін мәселелерді алға тарттық.

Қазақстан сонымен қатар Ауғанстанның қатысуымен жаһандық және аймақтық ынтымақтастықтың тиімді форматтарын, соның ішінде АӨСШК, ШЫҰ, Ыстанбұл процесі, Ташкент конференциясы, Мәскеу форматы, СAREC және RECCA форумдары секілді беделді алаңдарды да қолдайды.

Жуықта ғана, 5 қыркүйек күні Астанада «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында Өңірлік конференция болып өтті. Аталмыш конференция Ауғанстанның тұрақты, экономикалық тұрғыда бекем әрі қауіпсіз даму жолындағы ісіне өзінің септігін тигізер деген сенімдеміз. Конференция аясында Еуропалық Одақ, Қазақстан мен Өзбекстан жүзеге асыратын ауған қыздарына білім беру бойынша бірлескен әріптестіктің жаңа бағдарламасы құрылатыны туралы жарияланды.

Ауғанстанды қалпына келтіру үшін әлемдік қауымдастық БҰҰ аясында Кабулға жан-жақты көмекті көрсете беруі керек. Бұл ретте аталған елдің үкіметі тұрақты демократиялық мемлекетке айналуға бағытталған реформаларды жүргізіп жатқанын да ерекше айта кету керек.

Аймақтық интеграция, экономикалық әріптестік және трансұлттық сауда бағдарлары тұрғысынан Ауғанстан Ислам Республикасы - транзитті зор мүмкіндікке ие, ішкі нарығы айтарлықтай ауқымды әлеуетті серіктес.

Осыған байланысты Қазақстан кеңейіп келе жатқан аймақтық сауда, энергетикалық және көліктік байланысқа Ауғанстанды барынша тарту ісін қолдап отыр. Көліктік инфрақұрылымның дамуы осы елдің және жалпы Орталық Азия аймағының әлеуетін ашуда аса маңызды.

- Бүгінгі таңда халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылауда Астана диалогтық алаңдардың біріне айналды. Аталмыш бағытта Қазақстанның жетістіктері қандай?

- Диалог - қазір де, келешекте де бүкіл адамзат үшін күш қолданылатын қақтығыстарға қарсы тұрудың жалғыз жолы екендігіне сенімдімін. Көптеген соғыстардың себебі - үрейде. Адамдар өзі білмейтін, бөтен дүниеден қорқады.

Кездесулер мен келіссөздер бірін-бірі тануда, мақсаттары мен мүдделерін ұғынуда, сақтануда көп көмегін тигізеді.

Міне, сондықтан, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап диалог Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидатына айналды. Бейбітшіліктің құндылықтары мен ынтымақтастық, қауіпсіздік әрі тұрақты өсім біздің мемлекеттің түпкі мүддесіне сай келеді. Осы жылдар ішінде біздің Астана көптеген жаһандық бітімгерлік бастамалар көтеріліп жататын, түсіністікке құшақ жаятын және әлемдік бірлестікті қолдайтын орталыққа айналды.

Қазақстан 1992 жылы Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңесті - тұрақты түрде жұмыс істейтін диалог алаңын құруда бастамашы болды. Ол алаңда Израиль мен Палестина, Үндістан мен Пәкістанның өкілдері бір үстел басына жинай алды.

2001 жылы құрылған Еуразиялық медиа-форум таза журналистік формат шеңберінен шығып кеткені біраз болды. Қазір ол заманның ең өзекті мәселелері талқыланатын орынға айналды.

Ғасырлардан бері барлық конфессиялар адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып келеді. Алайда бүгінгі таңда дін, өкінішке қарай адамдарды бөліп жаратын, сенімсіздік мен бөлінушілікке себеп болатын факторға айналып барады.

2003 жылы менің бастамам бойынша Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі жұмысын бастады. Соңғы 15 жылда осы алаң жаһандық деңгейде өзара құрмет көрсету мәдениетін қалыптастырып келеді. Бұл - жер жаһанның әр түкпірінде ұлтаралық және дінаралық ахуалдың мәз болмай тұрған шағында өте маңызды деп айтар едім.

Қазіргі уақытта әлем көз ілеспес жылдамдықта өзгеріске ұшырап келеді. Заманның басты экономикалық және әлеуметтік мәселелерінің шешімін іздеу жолында біз 2008 жылы Астана экономикалық форумын бастадық. Ол жыл сайын саясаткерлер мен ғалымдарды, бизнес-бірлестіктердің өкілдерін бір үстел басына жинайды.

2015 жылы біздің елордада Астана клубы - халықаралық сарапшылар диалогына жағдай жасайтын бейтарап пікірталас алаңы жұмысын бастады.

Халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолында Қазақстан жауапты әрі ешкімді алаламайтын делдал ролін атқаруға дайын.

Осылайша, 2013 жылы Алматыда ирандық ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің екі кезеңі келіссөз процесінде оң қадам жасауға жол ашты. Осының арқасында ақыры Бірлескен жалпыға ортақ іс-әрекеттер жоспары қабылданды.

Біздің күш салуымыздың арқасында ресейлік-түркиялық қарым-қатынасты сәтті реттеуге қол жеткізілді. Ресей мен Түркия - Қазақстанға тарихы мен мәдениеті жағынан жақын мемлекеттер. Міне, екі елдің көшбасшыларының ынтымақтастыққа ден қоюуы біз үшін аса маңызды.

2014 жылдың желтоқсан айында украиналық дағдарыс барысында біз Ресей мен Франция президенттерін диалогтың аса қажеттігі турасында көндіріп, РФ пен Еуропаның қарым-қатынасының реттелуіне өте үлкен үлес қостық.

Сириядағы ахуалды тұрақтандыру бойынша Астана процесі аталмыш елде бейбітшілікке жету бойынша нақты құралға айналды. Нақтырақ айтқанда, бізідң елордада Сириядағы зорлық-зомбылықты айтарлықтай деңгейде төмендетуге мүмкіндік берген деэскалация аумағын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Біз өзгелер үшін күрделі, шешілмейтін мәселелерді шешуге күш салып жатпағанымызды айта кеткім келеді. Тек қарсы келген тараптарға диалог жолына түсуге көмектескіміз келеді. Егер біз олардың әскери емес, бейбіт келіссөздің пайдасына қарай таңдау жасауына көмектесе алсақ, бұның өзі аз жұмыс емес.

Жоғары қарай