Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №58 сайлау учаскесінде дауыс берді

2019 жылдың 9 маусым 2019 10:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 58 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Қымбат Іргебаеваның сөзіне қарағанда, учаскеде 3 417 сайлаушы тіркелген.

«Бүгін дауыс берушілердің жоғары белсендігін күтіп отырмыз. Өткен жолғы сайлау кезінде біздің учаскеге келгендердің қарасы қалың болды. Соңғы 20 күнде тұрғындардың көбісі бізге хабарласып, мәлімет алды. Сонымен қатар аса құрметпен бұл учаскеде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын күттік. Тұңғыш Президент осыған дейінгі болған сайлауда да осы учаскеде дауыс берген болатын», - деді Қ. Іргебаева.

Оның сөзіне қарағанда, учаскеге сағат 06:00-ден бастап байқаушылар, БАҚ өкілдері, президенттікке кандидаттардың сенімді өкілдері келіп тіркелді.

«Сағат 07:00-ден бастап тұрғындар дауыс беруге келіп жатыр. Олардың арасында жастар да, егде жастағы адамдар да бар. Сондықтан бүгін сайлаушыларымыз көптеп келеді деген ойламын. Айта кетейік, таңертеңнен бері байқаушылар тарапынан ескертулер болмады», - деді Қымбат Іргебаева.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7:00-20:00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08:00-де ашылды.

Жоғары қарай