Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

«Нұрлы Ертіс»: Елордадан Екібастұзға 64 отбасы көшіп барды

2019 жылдың 28 маусым 2019 17:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен 64 отбасы Екібастұзға қоныс аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпбалалы отбасылар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына орай қоныс аударуда. Нұр-Сұлтан қаласы осы бағдарламаға биыл енгізіліп отыр. Павлодар, СҚО, Қостанай, ШҚО секілді индустриясы дамыған, жұмыс күшіне қажеттілік сезінетін өңірлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, отбасыларды қабылдауға үй-жайлары мен инфрақұрылымы дайын өңірлердің алғашқысы Павлодар облысының Екібастұз қаласы болды.

«Сондықтан осы бағдарламаны қолдауға шешім қабылданды. Оның үстіне, бізде қоныс аударғысы келетіндер де бар. Бағдарламаға ең алдымен, баспана кезегінде тұрған отбасылар ғана қатыса алады. Негізгі талап - жоғары, орта-арнаулы, кәсіптік-техникалық білімнің болуы», - дейді әкімнің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы Ертіс» бағдарламасымен Екібастұзға бүгінде 64 отбасы қоныс аударған. Жыл соңына дейін тағы 58 отбасыны көшіру жоспарланған.

«Екібастұзға көшетін отбасылар үшін қабылдаушы тарап олардың баспана жалдауы үшін ай сайын бір жыл бойы 75 мың теңгеге дейін төлейді немесе ипотекалық несие бойынша несиенің бастапқы жарнасын құю үшін бір рет 900 мың теңге береді. Қоныс аударушы отбасыларға көшу шығындары үшін 88 375 теңге мөлшерінде бірреттік көмек беріледі», - деді Ерлан Каналимов.

Бағдарлама аясында Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында да жұмыс жүріп жатыр.


Авторы Лаура Амантаева

Жоғары қарай