Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Нұр-Сұлтанда ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті

2020 жылдың 28 ақпан 2020 18:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Достық үйде Алғыс айту күні қарсаңында қолданбалы өнер және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, сондай-ақ қайырымдылық акциясы да өткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚХА сілтеме жасап хабарлайды.

Достық үйінің кіре берісінде ұлттық киім киген жастар мәртебелі қонақтарды қарсы алып, оларды «Аналар аманаты» көрмесін тамашалауға шақырды.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Қазақстан Республикасындағы шетел Елшіліктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары және бірқатар мемлекеттік органның қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, елордалық ҚХА жастары мен қала тұрғындары қатысты.

Достық үйінің мәжіліс залында өткізілген жиында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен баршаны атаулы мерекемен құттықтап, оларға ынтымақ пен береке-бірлік тіледі. «Алғыс айту күні барша қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділік, достық пен сүйіспеншілігінің жарқын мерекесі болып табылады. Бұл біздің ортақ елімізге, өзара көмек пен қолдау көрсете отырып, шынайы бірлігіміз бен достығымызды айқындайтын, өткен күнімізді еске алып, жас ұрпаққа үлгі болатын жарқын мерекелердің бірі. Барлықтарыңызға отбасы бақыты мен амандығын тілеймін», - деді Б.Мәкен.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толады. Осы мерзімде ауқымды жұмыстар атқарылып, елдің бірлігі мен ынтымағын одан әрі дамытуға негіз қаланды. Елордамыздағы Достық үйі бүгінде халықаралық дәрежеге танылып үлгерді. Бұл жерге атбасын бұрған шетелдік компания өкілдері еліміздегі мамандармен бизнестік әріптестік орнатуға мүдделестік танытып, ортақ істі бірлесіп талқылаған болатын. Мұнда мәдениет пен тарихтың, спорттың дамуына да басымдық беріледі. Былтыр осы жерден ашылған «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы өз еркімен қатысушы әрбір ұлтқа қазақ тілін ауызша және жазбаша меңгеруге қатысты арнайы сабақтар өткізілуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу кезеңіндегі 25 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды: «Қазақстанда халық тамырын байланыстыратын және біріктіретін ұлттық кодтың адамгершілік императиві ретінде ерекше мәнге ие болды. Бүгінде барлық этностардың өкілдері еліміздің игілігі үшін экономиканың барлық салаларында табысты еңбек етіп жатыр. Отанымыздың бейбітшілігі мен келісімін нығайтуда, халықтар арасындағы мызғымас достықтың көпірін салуда. Қазақстан этностарының өзара түсіністігі мен жемісті өзара іс-қимылының көрнекі үлгісі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер, спорт салалары болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан халқының тығыз мәдени байланыстары өз нәтижелерін беруде», - деп атап өтті Ж.Түймебаев.

Алғыс айту күніне орай арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында, елордалық «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Сергей Садыков, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі Асхат Налшыбеков, Қарағанды қаласы «Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған мектеп-интернат» КММ директоры Гүлнәр Ахметова және тағы да басқа қатысушылар болды. Шығып сөйлеушілер өздерінің жетістіктері мен табысқа жету құпиялары туралы мәлімдеді.

Іс-шараның кезекті бөлімі елордалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері дайындаған түрлі қолөнер бұйымдары, картиналар, қуыршақтар, кәдесыйлар, ұлттық тағамдар қойылған қайырымдылық жәрмеңкесімен жалғасты.

Нұр-Сұлтан қаласы «Радима» беларусь этномәдени орталығының төрағасы, композитор Дмитрий Останькович елордалық ҚХА тарихында бұрын-сонды болмаған, Алғыс айту күніне арнайы арналған «Благодарю тебя, мой Казахстан!» әнінің тұсауын кесті. «Биыл еліміз үшін атаулы жыл болғандықтан, этномәдени бірлестік атынан өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай жеке шығармашылығымдағы кезекті әнді тарту етпекпін. Мен үшін бұл құрмет», - деп атап өтті Д.Останькович.

Кеш соңында елордалық ҚХА мүшелері қайырымдылық акциясынан және Достық үйі ғимаратының әр бұрышында қойылған арнайы жәшіктерден түскен барлық қаражатты шұғыл ота жасауды қажет ететін екі отбасыға табыстады.
Жоғары қарай