Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Нұр-Сұлтанда қалалық туризм бойынша жаһандық саммит өтеді

2019 жылдың 6 сәуір 2019 15:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақыт Сұлтанов Португалия астанасы Лиссабонда өткен UNWTO-ға мүше елдер қалаларының басшылары мен туризм министрлерінің форумында Нұр-Сұлтан қаласын дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша 8-ші жаһандық саммитін өткізу орны ретінде таныстырды. Бұл жайында шаһар басшысы Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар басшысы алдымен Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған барлық қажетті инфрақұрылымға ие екенін атап өтті.

«Сеул, Куала-Лумпур, Барселона, Мәскеу, Ыстанбұл сынды тамаша қалалардан осындай маңызды саммиттің эстафетасын қабылдау және Нұр-Сұлтан қаласында осындай айтулы іс-шараны ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет. Өткен жылы елордамыздың 20 жылдығы аталып өтті. Қала халқы 3 есеге өсіп, елордамыз 100-ге жуық ұлт өкілдерінің ортақ шаңырағына айналды. Нұр-Сұлтан - ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығының иегері. Осының барлығы ҚР Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болды. Елбасының еліміз мен біздің қаламыздың дамуына қосқан орасан зор еңбегі ескеріле келе, еліміздің елордасы оның есімімен аталып, Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді», - деді ол.

Форум аясында Бақыт Сұлтанов пен UNWTO-ның бас хатшысы Зураб Пололикашвили «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» тақырыбында UNWTO-ның қалалық туризм бойынша 8-ші жаhандық саммитін өткізу жөніндегі келісімге қол қойды.

«Нұр-Сұлтан - бүгінгі таңда әлемнің ең жас және қарқынды дамып келе жатқан астаналарының бірі. Ол өзінің қайталанбас сәулеті және бірегейлігімен, заманауи инфрақұрылымы бар нысандарымен Орталық Азияның іскерлік әрі оқиғалы хабына айналды. Егер 20 жыл бұрын 3 қонақ үй болса, қазір олардың саны 231-ге жетті. Оның ішінде танымал, әлемдік желілердің де нысандары бар», - деді әкім.

Осы жылдың 7-11 қазаны күндері өтетін саммитте, сондай-ақ конгресстер мен конференциялардың халықаралық қауымдастығының (ICCA) ұйымдастыруымен іскерлік туризм индустриясы (MICE) бойынша шеберлік сыныбы өткізілетін болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған саммитті өткізу - қаланы Орталық Азияның жаңа туризм орталығы ретінде паш ету, қаланы дамытудағы жаңа бағыттарды көрсету, ірі халықаралық қауымдастықтар және компаниялармен ынтымақтастықты нығайтудың зор мүмкіндігі.

Өз кезегінде UNWTO бас хатшысы Зураб Пололикашвили туризмнің қала болашағы дамуының ажырамас бөлігі екендігін айтып өтті.

«Қазір де, болашақта да қала туризмі өз маңыздылығын жоймайды. Туризмді қалалардың тұрақты болашағының ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыру мақсатында үлкен мүмкіндіктер ұсына отырып, Қалалық туризм бойынша UNWTO-ның VIII жаһандық саммитінің Нұр-Сұлтан қаласында өтетіндігіне қуанышты екенімізді айтқым келеді», - деді З. Пололикашвили.

Айта кетейік, UNWTO - дүниежүзілік туристік ұйым, БҰҰ жүйесінің мекемесі. Оның құрамына 158 ел, 6 қауымдастырылған және 500-ден астам аффилиирленген мүше енген. Ұйым қызметінің негізгі мақсаты - туризм саласының жалпыға қолжетімді және тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Ұйымның штаб-пәтері Испанияның Мадрид қаласында орналасқан.

Жоғары қарай