Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 399.67
EUR 452.95
RUB 5.82
CNY 56.36

Nur Otan партиясының тексеруінен соң Жамбыл облысында әкімнің орынбасары мен бас дәрігер жазаланды

2020 жылдың 10 сәуір 2020 00:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында әкімнің орынбасары мен бас дәрігер жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Egemen Qazaqstan» басылымына сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы Меркі аудандық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева жуырда Фейсбук әлеуметтік желісіне жазба жариялап, саладағы бірқатар кемшіліктерді айтқан болатын.

Сонымен қатар, ол өзінің жазбасында коронавирус індетін жұқтырып, Тараз қаласында ем алып жатқанын айта келе, бұл іске облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов пен аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жаңыл Шойбекованы кінәлаған болатын.

Мәліметтерге сәйкес, Nur Otan партиясының комиссиясы коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева жұмыс істейтін Меркі ауданындағы ауруханада заңбұзушылық барын анықтаған. Жазбада көрсетілгендей, аудандық аурухана әкімшілігі медицина қызметкерлеріне медициналық масканы өздері тігуді талап еткен. Сондай-ақ, жұмыста оларға маскалар мен қорғаныс құралдары берілмеген. Осыған байланысты Меркі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбеков пен осы салаға жетекшілік ететін Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым партиялық жауапқа тартылды.

Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымы бойынша тексеру басталғандығын жазған едік.


Басты сөздер: Жамбыл облысы,
Жоғары қарай