Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 378.56
EUR 424.44
RUB 5.91
CNY 56.36

Наурыз мейрамы 5 мың жыл бұрын пайда болған - этнолог

2019 жылдың 23 наурыз 2019 14:11 514

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  -  Наурыз - жер бетіндегі ең көне мейрамдардың бірі. Оның тарихы 5 мың жылға дейін кете береді. Мерекенің пайда болу тарихы туралы ҚазАқпарат тілшісіне этнолог, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Егізбаева айтты.

Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

«Тасқа қашалып салынған суреттер Наурыз мейрамының тарихы тереңдігін көрсетеді. Алматыдан солтүстік батысқа қарай 170 шақырымда орналасқан Аңырақай тауларында өте ескі суреттер табылған. Олар 5 мың жыл бұрын салынған деп айта аламыз. Суретте екі ірі бейне салынған. Олардың бірі Тәңір болса, екіншісі қараңғылықтың символы - Іңір. Суретте екеуі құшақтасып тұр, бұдан көрісу дәстүрін көруге болады. Олардың ортасында жаңа туған бұзау, алты айлық тана, ірі бұқа және бие салынған. Бұлар сәйкесінше жыл мезгілдерін білдіреді. Олардың астында 12 ай тектес адамдар билеп жүр. Бұл 12 айды білдірсе керек. Бұл суретте «Наурыз» мейрамының күн мен түн теңелуі көрсетілген. Осыдан ақ ерте кезде қалай тойлағанын түсінуге болады», - деді Меруерт Егізбаева.

Оның айтуынша, Наурыз мейрамы діни мерекеге жатпайды.

Шығыс ойшылдары Махмұд Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Фирдауси, Әлішер Науаи, Омар Хаямның артында қалған мәдени мұраларында Наурыз туралы бірнеше рет айтылады. Этнологтың айтуынша, Наурыз мейрамы тек қана түркі халықтарына ортақ мереке емес, сондай-ақ, иран-парсы халықтары да Наурызды тойлайды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту үшін Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деген болатын. Наурыз мерекесін жаппай тойлауымыздың өзі осы бастаманы жүзеге асырғанымызды білдірсе керек. Наурызда адамдар бір-біріне игі тілек тілеп, ұрысқандар татуласып жатады», - деді М.Егізбаева.

Оның айтуынша, төл мерекемізде адамдар жаңа киім киіп, кішілер үлкендердің батасын алатын болған. Дәл осы күні барлық өкпе-реніш ұмытылатын. Бүгінде Наурыз мерекесінің көптеген элементтері қайта оралып жатыр.

«Кейбір ұмытылып қалған дәстүрлер де жаңғырып жатыр. Әсіресе, батыста Атырау, Маңғыстау облыстарында 14 наурызда Амал мерекесі басталады. Адамдар бір-бірімен көріседі. Бұл амалдардың барлығының өсіп келе жатқан ұрпаққа берері мол. Жастар арасында кешірімді болу, татулық, адамгершілік, үлкенге - құрмет, кішіге - ізет сияқты қағидалардың қалыптасуына ықпал етеді», - деді этнолог.

 

 

Жоғары қарай