Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Мюнхен конференциясында Орталық Азиядағы процестерге ерекше назар аударылды – Ерлан Қарин

2020 жылдың 16 ақпан 2020 01:26

МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Әлемдік сарапшылардың Орталық Азиядағы процестерге деген қызығушылығы артты. Бұл туралы Мюнхен қауіпсіздік конференциясының аясында тілшілерге ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында алғаш рет Қазақстан басшысы қатысып отыр. Сонымен қатар, бірінше рет Орталық Азияға арналған арнайы панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Бұл әлемдік сарапшылар тарапынан Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда болып жатқан процестерге қызығушылық артқанын байқатты. Екіншіден, бүгінгі панельдік сессияда сарапшылар мен журналистердің көп қатысуы қазіргі уақытта Қазақстанның аймақтық және халықаралық процестерде алатын ерекше орнын көрсетіп отыр», - деді Е. Қарин Мюхен конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан отырыстан кейін.

Сонымен қатар ол бүгінде Қазақстан барлық әрі мемлекеттермен қарым-қатынасты орната алған мемлекет екенін атап өтті.

«Өздеріңіз байқасаңыздар, бүгін Қазақстан Президентіне қойылған сұрақтар түрлі тақырыптарды қамтыды. Осы орайда аймақтық қауіпсіздік, Сирия мен Ауғанстандағы қазіргі жағдай, Орталық Азияның саяси-экономикалық дамуы, алпауыт елдермен қарым-қатынас, сондай-ақ коронавирусқа қатысты сұрақтар қойылды. Себебі, бүгінде жалпы халықаралық жағдай АҚШ, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Дәл осы жағдайда Қазақстан аталған алып мемлекеттермен тиісті қарым-қатынасты орната білді. Сондықтан Қазақстанға қатысты сұрақтар бүгінгі панельдік сессияда қойылды», - деді Ерлан Қарин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы пікірталасқа қатысты.



Жоғары қарай