Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Мырзахметов Үкіметтен отандық кәсіпорындарды қолдау саясатын қатаң бақылауды сұрады

2019 жылдың 14 қазан 2019 18:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкіметтен отандық кәсіпорындарды қолдау саясатын қатаң бақылауды сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі саласындағы отандық кәсіпорындардың үлесіне біршама талдау жүргізілген. Соңғы үш айдың ішінде жергілікті үлес көрсеткіші 10 есеге өсіп отыр. Яғни, 1 шілдедегі жағдай бойынша көрсеткіш 2 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіші үш ай ішінде 18 пайызға ұлғайып, 20 пайызға теңескен.

«Жеңіл өнеркәсіпте көрсеткіштер оң деп айтуға болады. Қазір бұл бағытта жергілікті үлестің мөлшері – республика бойынша 17 пайыз болды. Әйтсе де, алдыңғы қатардағы бес облыстың сатып алу жоспарларының 50 пайызы ғана орындалған. Ал оның ішінде 36 пайызы отандық кәсіпорындардан алынған. Осы жерде жоспарлау мәселесін қолға алуды сұраймыз. Мәселен, жоспар бойынша Қызылорда облысы 46 пайызбен отандық кәсіпорындарға басымдық бергенімен, жоспардың 22 пайызы ғана орындалды. Ал жылдың бітуіне екі ай ғана қалды. Бұл жоспардың қай уақытта орындалатыны белгісіз», - деді ол.

Абылай Мырзахметов Үкіметтен отандық кәсіпорындарды қолдау саясатын қатаң бақылауды сұрады.

«Жиһаз саласын алар болсақ, алдыңғы қатарлы облыстарда 50 пайызға дейін жоспар орындалған. Отандық кәсіпорындардан сатып алу көрсеткіші 40 пайыздық деңгейде. Бұл ретте тағы да соңында Батыс Қазақстан облысы қалып отыр. Ол өңірде жергілікті отандық кәсіпорыннан сатып алу көрсеткіші 3-ақ пайызды көрсетті. Тамақ саласын алар болсақ, алдыңғы облыстарда жалпы жоспар 70 пайызға орындалған. Отандық кәсіпорындардан сатып алу көрсеткіші 40 пайызды құрады», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметов сонымен бірге құрылыс материалдары бойынша алда келе жатқан облыстарда жоспар 67 пайызға орындалғанын тілге тиек етті. Отандық кәсіпорындардан құрылыс материалдарын сатып алу көрсеткіші 38 пайызды көрсеткен.

Айта кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мемлекеттік сатып алудағы жергілікті үлес бойынша облыс басшылары әлі күнге дейін тиісті деңгейде жұмыс жүргізбегенін сынға алған болатын.

Жоғары қарай