Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Мұнай бағасының мұндай жолмен көтерілгені керек емес - Бозымбаев Арабиядағы шабуыл туралы

2019 жылдың 26 қыркүйек 2019 12:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өтіп жатқан XII Kazenergy Еуразиялық форумында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев АҚШ сапары жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ қабырғасында өткен пікірталас өте қызық болды. Оның мұнай саласының болашағына қандай да бір деңгейде ықпал ететіні сөзсіз. Өздеріңіз де білесіздер, көптеген әлемдік қаржыгерлер біраз уақыттан кейін көмірсутек шикізатына қатысты жобаларды қаржыландырудан бас тартатынын айтып отыр. Кей елдер таяу онжылдықта бензин немесе дизель отынын тұтынатын автомобильдерден толықтай бас тартамыз дейді. Мұның барлығы да шындық, ол барынша жедел орын алуы мүмкін», - деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мұнайдың болашағы мен оның қорына қатысты болжамдар барынша көп әрі алуан түрлі болып келеді. Болжамның көпшілігі мұнай өндірісінің әлемдік көлемі таяу уақытта өзінің ең жоғары шегіне жетіп, одан кейін төмендей бастайды дегенге саяды. Ал бұл әлемдік экономикаға қатер төндіреді. Ал енді зерттеулер мұнай қоры таусылмайды, бірақ өндіру қиындай түсетінін көрсетіп отыр.

«Дегенмен, орын алып жатқан трендтерді қаперге алуымыз қажет. Біз оны ескеруге және жаңа трендтерге сай дамуға міндеттіміз», - деді ол.

Осы орайда министр мұнайды әлемдік нарыққа қауіпсіз шығару мәселесі алдыңғы орында тұрғанына назар аудартты.

«Сауд Арабиясындағы нысандарға шабуыл жасалғаннан кейін баға 10 пайызға өсіп кетті. Біз бұл жөнінде әріптестерімізбен әңгімелескен едік. Мұнай өндіретін елдердің ешқайсысына бағаның мұндай жолмен өскені қажет емес. Біз мұнай өндіруші елміз. Сондықтан жауапкершілікті анық сезіну үшін, әлемдік бағаға, болжамды жеткізілімге көмек көрсету үшін «ОПЕК+»-ке қосылдық. Аталған шабуылға дейін бізде барлығы нақты жүріп жатыр еді», - деді Қанат Бозымбаев.

Естеріңізге сала кетсек, 14 қыркүйек күні Сауд Арабиясындағы Абкайк мұнай өңдеу кәсіпорны мен Хурайс мұнай кен орнында екі мәрте болған шабуылдан соң мұнай бағасы шарықтап кеткен еді.

Жоғары қарай