Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Мультфильм құрастыру ісін меңгеру оңай болған жоқ - Сымбат Әбдірахманова

2019 жылдың 29 сәуір 2019 20:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық Сымбат Әбдірахманова өзінің идеясымен балаларға арналған мультфильмдер құрастырды.

Жас ұрпақтың дүниетанымын арттыруда осылайша ауқымды игілікті істі қолға алған ол бүгінде жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бүгінде көптеген дүниелерді ел назарына ұсынып үлгерген қызылордалық маман қолға алған жобалар өз маңыздылығын арттырып келеді. Сымбаттың қолынан шыққан туындыларды жаһандық желі беттерінен оңай тауып алуға болады. Әрдайым өзінің идеясымен, еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен көзге түсіп жүрген Сымбат Әбдірахманова республикалық «100 жаңа есім» жобасында жоғары бағаланып, үздіктер қатарына енді.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өрелі ісімен өнеге көрсетіп жүрген Сымбатпен атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары жайында сұхбаттасқан еді.

- Сымбат, мультфильм құрастыруды көбіне кәдімгі мамандар атқарып жатады. Мұндай жобалар Астана, Алматы қалалары секілді мегаполистерде жасалатынына көзіміз үйренген. Қызылорда қаласында мультфильм құрастыру ісін қолға алғаның таңғалдырып отыр. Бұрын мұндай істе жинаған тәжірибең бар ма еді?

- Бұл мен үшін тың сала болды. Алғашқы мамандығым оған сәйкес келе қоймайды. Мен 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алдым. Иран мемлекетінде арнайы біліктілік курсында тәжірибемді арттырдым. Иранның Қазақстандағы елшілігінде қызмет атқардым.

Туған жерден жырақта осындай бірқатар қызметтерді атқарып, беріде Қызылордаға қайта оралдым. Мамандығым бойынша жұмыс табу қиынға соқты. 2012 жылдан бастап Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында қызмет еттім. Онда тілінде мүкісі бар балалармен психолог мамандығы бойынша жұмыс жасадым. Қызметті атқару барысында балаларға арналған қазақ тіліндегі танымдық мультфильмдердің өте аз екеніне көзімді жеткіздім. Ойлана келе сол дүниелерді өзім жасауға шешім қабылдадым.

- Бұл жөнінен бұрыннан тәжірибең бар ма еді? Себебі, анимациялық дүниелерді жасау оңай шаруа емес қой.

- Мультфильм құрастыру ісін бірден меңгеріп кете қойған жоқпын. Рас, алғашқыда одан хабарсыз едім. Бұл ойымды жүзеге асыру үшін көп ізденуге тура келді. Осы мақсатта жаһандық желіден қажетті мәліметтерді іздедім. Сол бағыттағы көптеген бейнематериалды шолып шықтым. Оларды өзім жасауға әрекеттендім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Анимациялық дүниелерді жасауға қол жеткіздім. Алғашқы мультфильмді қолға алдым. Оны дайындап шықтым. Қысқасы, әрбір іске ынта-жігермен кіріссең, ойлаған мақсатыңды орындап шығуға әбден болады. Оған артық шығын жұмсаған жоқпын.

- Бұрын өзің жұмыс істеп көрмеген саланы меңгеру оңайға соқпағаны белгілі. Ол саған қандай дүниелерді үйретті?

- Мен әрбір жылы алдыма мақсат қоямын. Жыл бойы атқаратын жоспарымды нақтылап аламын. Сол мақсатымды орындап шығуға күш саламын. Мәселен, биыл қанша мультфильм шығаруды ойласам, аталмыш дүниелерді жасауға баса назар аударамын. Қаншасын шығардым? Олардың қаншасын орындай алдым? Осы бағытта өзіме есеп беремін. Алдыма қойған мақсатыма жеттім бе, жетпедім бе? Соны таразылап аламын. Жоспарым белгілі себептермен жүзеге аспай жатса, оны алдағы жылдың еншісіне қалдырамын. Осылайша алдыма үлкен мақсаттар қоямын.

Анимациялық дүниелерді жасаудан бұрын ол жөніндегі тақырыпты жан-жақты зерделеймін. Оған байланысты деректер әбден пісіп жетілуін ойлаймын. Содан кейін ғана барып қолға аламын. Былтыр екі мультфильмді жоспарға қойған едім. Ол екеуі де жасалып шықты. Биылға да дәл сондай жоба жасаймын деген ойым бар. Көпшілікке биыл екі мультфильм тарту етсем деймін. Оның бірі танымдық болса, психологиялық тұрғыдан жасалады. Екіншісін халықаралық фестивальге ұсыну жоспарланған.



null

- Анимациялық дүниелерді жасау барысында өзге өңірлердегі әріптестеріңмен тәжірибе алмасып отырасың ба?

- Әзірге бұл бағытта тәжірибе алмасқан жоқпын. Дегенмен олар шығарған дүниелерді назарда ұстап отырамын. Біздің өңірге көршілес Шымкент қаласында бұл бағытта қызмет жасап жатқан арнайы студиялар бар. Онда мамандар жас көрермендер үшін қызықты дүниелер жасап жатқанынан хабардармын. Осы салада жүргеннен кейін ол әрбір маманның алдына қойған мақсаты болады емес пе? Алдағы уақытта мен де сол әріптестерім секілді жұмыс ауқымын кеңейтуге назар аударсам деймін. Десе де ол үшін ең алдымен мол қаржы қажет екені белгілі.

Айта кетерлігі, менің бүгінге дейін жасап шыққан мультфильмдеріме ешқандай қаржы жұмсалған жоқ. Отбасымның, достарымның көмегімен халыққа қажетті дүниелерді жасап келемін. Сырт көзге оңай көрінгенмен, мұндай дүниелерді дайындап шығару оңай дүние емес. Оған қанша уақыт кетеді. Мәселен, мультфильмді дыбыстау жайын айта кетелік. Бұл үшін де тәжірибелі маман қажет екенін білеміз. Оның кәсіби тұрғыдан шеберлігі жоғары болуы тиіс. Ол актер маманы болса жасаған дүниеңнің сапалы шығуына септігін тигізеді. Сондықтан жұмыс ауқымын кеңейтіп, студия ашу мәселесін алдағы уақыттың еншісіне қалдыра тұрғанымыз жөн болар.

- Әңгімеңе рахмет. Алдағы атқаратын жобаларыңа сәттілік тілеймін.

Жоғары қарай