Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Мұқтаж оқушылардың барлығына компьютер берілмек- елорда

2020 жылдың 2 сәуір 2020 02:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда қашықтықтан оқыту формасына көшу жұмыстары ретке келтірілген 5 сәуірге дейін көмекке мұқтаж оқушылардың барлығы компьютерлермен қамтылып, ғаламтор желісіне қосылатын болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бүгін әкімдікте өткен брифингте білім ордаларының оқушылары мен студенттеріне қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша Білім басқармасының жанынан фронт-кеңсе құрылғанын, әр мектепте қашықтықтан оқыту бойынша үйлестіруші тағайындалғанын және call-орталық қосылғанын айтты.

«16 наурыздан бастап біздің ЖОО мен колледждер қашықтықтан оқыту формасына көшті. Жұмыс толықтай реттелген деп айтуға болады. Студенттердің барлығы қажетті оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді. 6 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан қаласының мектептері қашықтықтан оқыту формасына көшеді. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстарын үйлестіру үшін әр мектепте техникалық координатор тағайындалды. Олар 6 сәуірден бастап оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер тарапынан техникалық жағдайға қатысты түсетін сауалдарды қабылдайтын болады», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Қадырованың айтуынша, қалада компьютері жоқ 6500 бала (4594 отбасы), интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жоқ 5583 бала (5108 отбасы) анықталған.

«Біз оқушыларымыздың компьютерлік техникамен қаншалықты қамтылғандығын, олардың интернет желісіне кіру мүмкіндігі бар-жоғын бақыладық. Сәйкесінше осы санаттағы оқушылардың 95% қажетті техникамен қамтыдық. Қалған оқушыларға компьютерлер 5 сәуірге дейін берілетін болады. Бұдан қоса, төртінші тоқсан басталғанға дейін интернет желісіне кіруге мүмкіндігі жоқ отбасыларды ғаламторға қосатын боламыз. Интернет желісіне қосу мәселесін «Қазақтелеком» АҚ және басқа байланыс операторларымен бірлесіп шешіп жатырмыз. Сондай-ақ, мұндай көмекті біз кейбір мұғалімдерімізге де көрсеттік. Ғаламторға қосылмағандарын флешкартамен қамтамасыз еттік», – деді Ш. Қадырова.

Айта кетейік, бүгін мектептерде сынама сабақтары өткізілді. 2 сәуір күні қашықтықтан оқыту үдерісін жүзеге асыруды ата-аналарға түсіндіру мақсатында ата-аналар жиналысы өтеді. 3 сәуір күні барлық мектептерде қашықтықтан оқыту форматын түсіндіру мақсатында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.


Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім, Коронавирус,
Жоғары қарай