Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Мүгедектерге арналған «Тең жол» автомектебі үздік жоба атанды

2019 жылдың 7 қараша 2019 20:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны Сәлімхан Сәбитовтың «Тең жол» мүгедектерге арналған автомектебі жобасы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» республикалық байқауында үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автокөлік жүргізгіп үйренгісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп Петропавл қаласында жұмыс істеп жатыр. Идея авторы – қала тұрғыны Сәлімхан Сәбитов. Бұл жерде негізінен тірек-қимыл жүйесі бұзылғандар оқиды. Оларға ыңғайлы болу үшін оқыту автокөлігі Челябі қаласында қайта жарақтандырылды. Қазірдің өзінде автомектепті 4 адам аяқтап, көптен күткен құжатын қолға алды.

«Көлікті жүргізуге отырғанда қатты қорыққаным есімде. Бірақ арманыма жету үшін ол қорқынышты жеңу керек болды. Бензострой ықшам ауданында тұрамын. Басында сол ауданнан шықпайтынмын. Қазір қала ортасында да еркін жүремін», - дейді автомектеп түлегі Екатерина Зелецкая.

«Тең жол» - республика бойынша теңдесі жоқ бірегей автомектеп. Содан да болар, Сәлімхан Сәбитов осы жобасымен республикалық байқауда 228 үміткердің ішінен үшінші орынға ие болды. Нәтижесінде ол 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

«Жобалардың көпшілігі маған ұнады. Байқауға қатысушылар өз жұмыстарын мемлекетіміздің өзекті мәселелері бойынша әзірлепті. Оның ішінде экология, инклюзия бар. Бұған дейін тек Еуропада жүзеге асырылып жатқан жобалар енді елімізде де іске асырылып жатыр екен», - дейді Сәлімхан Сәбитов.




Жобалардың тек 57-сі ғана үздік деп танылды. СҚО-дан ұсынылған Сәлімханның әлеуметтік жобасы енді республика көлемінде жүзеге асырылмақ.

«Осы байқауда мен басқа қалалардан келген қатысушылармен танысып, сөйлестім. Жобама қызыққандар болды, «ашсаңыздар, мен сіздерге франшиза ретінде сатпаймын, сыйға беремін» дедім. Енді Қостанай және Жаңаөзен қалаларында жазға қарай филиалы ашылады деп жоспарлап отырмыз», - дейді жоба авторы.

Мамандардың айтуынша, бүгінде Петропавл қаласында ғана 10 мыңнан астам мүгедек жан бар. Оның 800-ден астамының автомектепте оқып, жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндігі бар.




Жоғары қарай