Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Мұғалімнің мәртебесінен бұрын айлығын көтеру керек – Рахым Ошақбаев

2019 жылдың 22 шілде 2019 18:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Рахым Ошақбаев елдегі білім саласына Ұлттық қордан жыл сайын қосымша қаржы бөлуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметіне арналған дөңгелек үстел барысында сарапшы Рахым Ошақбаев білім саласының қордаланған мәселелерін қозғады.

«Сөз жоқ, білім беру саласындағы жаңартылған бағдарлама мен көптеген инновациялар өте дұрыс. Бірақ, барлығы жеткіліксіз қаржыландыруға келіп тіреледі. Қазір педагогтардың жалақысы барлық салалардың ішінде ең төмені екенін білеміз. Мұғалімнің мәртебесі мен беделіне қатысты қаншама заңдар қабылдасақ та, негізгі мәселе еңбекақы болып қалатынын ұмытпау керек. Қазір мектеп түлектерінің арасында педагогикалық мамандық таңдау ең соңғы орында. Былтыр 8 мыңнан астам грант бөлінсе, соның 4 мыңнан астамына 50-51 балл жинаған талапкерлер ие болған. Біз болашақ балаларға заманауи құндылықтар сіңіру ісін осындай деңгейдегі талапкерлердің қолына тапсырып отырмыз деген сөз. Бұл мәселені тек еңбекақыны көтеру арқылы ғана ретке келтіруге болады», - деген Рахым Ошақбаев ұстаздардың айлығын өсіруге келер жылдан бастап нақты кірісуді ұсынды.

«2020-2021 жыдлан бастап барлық мұғалімдердің еңбекақысын көтеру қажет деп санаймыз. Оның көлемі өңірдегі орташа еңбекақыдан аз болмауы керек. Мұғалімдікке түскен студенттердің шәкіртақысын көтеру арқылы бұл мамандықты таңдауға экономикалық стимул қалыптастыру керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білімге бөлінетін шығын көлемін жалпы ішкі өнімнің 5 пайыз деңгейіне көтеру керектігін айтты. Біздің ойымызша, бұл 5 пайызды мемлекет мойнына алуы керек. Бұл ретте Ұлттық қордың қаржысын іске қосуға болады. Өйткені Ұлттық қор – ертеңгі ұрпақтың қоры. Қазір қолда бар бюджеттік шығындарға қосымша Ұлттық қордан жыл сайын 2 млрд доллар қаражат білім саласына бөлінуі керек», - деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Аталмыш дөңгелек үстелден кейін Ерлан Саиров журналистерге Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қала мүше болғанын айтып берді.

Ерлан Саировтың пікірінше, Ұлттық кеңестің құрамы өзгеріп тұру керек.

Сондай-ақ, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өзіне елдің сенімі қалыптасып болмағанын айтқан болатын.

Жоғары қарай