Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Моңғолияның тұңғыш президенті: Назарбаевтың мақаласы бізді тарихқа жаңаша қарауға жетеледі

2019 жылдың 24 маусым 2019 13:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ пен моңғол әлемге көшпенділердің сиқырлы өркениетін тарту еткен елдер екенін естен шығармау керек. Елордада өтіп жатқан «Ұлы дала» ІV гуманитарлық ғылымдар форумында Моңғолияның Тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моңғолдар мен қазақтар әлемге көшпенділердің сиқырлы өркениетін тарту еткен, ежелден тату халықтар. Заманның қазіргі ғылымы біздің халықтарымыздың тарихты, дәстүрді, рухани бірегейлікті, тілді бірге дамытқанын дәлелдеп отыр. Біздің елдеріміз бірге мемлекеттерді іргесін қалап, оны өркендету жолында тер төккен», - деді Пунсалмаагийн Очирбат.

Пунсалмаагийн Очирбат өз сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен дос екенін айтып өтті.

«Өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы көшпенділердің өркениетіне, дала тарихына ерекше баға береді. Бұл қадам тарихқа жаңаша қарауға жетеледі. Ол сонымен қатар, болашақты бағдарлауда бағыт-бағдар беріп отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттер бір-бірімен етене өмір сүріп жатыр. Көршілес мемлекеттер экономиканы бірге көтеріп, сауда-нарықтық қарым-қатынасын реттеуде. Қосымша мүмкіндіктерді қарастыруда», - деді ол.

Моңғолияның Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Моңғолия тарихты бірге дамыту ісінде қазақтар мен моңғолдар бірлесе күш салып, көшпенділердің мәдени құндылықтарын ғасырдан ғасырға алып баратынына сенім білдірді.

«Қазақстан Республикасы қазіргі уақытта көршілес мемлекеттердің экономикасына жағымды жағынан ықпал ете алатын мемлекетке айналды. Орталық Азияда да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалы зор. Қазақстан өзінің тарихымен, жетістіктерімен, экономикалық реформаларымен мақтана алатын мемлекет. Осыған қарамастан, ауқымды қадаммен алға қарай жылжып бара жатқанына қуаныштымыз», - деп сөзін түйді Пунсалмаагийн Очирбат.

Еске сала кетсек, елордада «Ұлы дала» ІV гуманитарлық ғылымдар форумы өтіп жатыр. Шараға «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» тақырыбына арналып отыр. Форумда қазақстандық ғалымдармен бірге Еуропа, Азия мен Америка құрлығының 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысуда.

Жоғары қарай